Ақмола облысында қызылшамен ауырған 46 кадет үйіне жіберілді
Дәрігерлердің мәліметінше, жалпы саны 300-ден астам адам қызылшаға шалдыққан
Ақмола облысында медициналық стационарлардан қызылшамен ауырған 46 кадет үйіне жіберілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі КТК-ға сілтеме жасап.
Инфекцияның жаппай таралуы Щучинск қаласындағы әскери колледжде жаңа жылдық каникулдан кейін тіркелген. Оқу орны шұғыл түрде карантинге жабылып, оның базасында уақытша госпиталь ұйымдастырылды.
Дәрігерлердің мәліметінше, жалпы саны 300-ден астам адам қызылшаға шалдыққан. 70-тен аса кадет Көкшетау қаласындағы медициналық мекемелерге жатқызылған, олардың үшеуі жансақтау бөлімінде болды. Қазіргі уақытта олардың жағдайы тұрақтанған.
Енді кезекті 12 науқасты алдағы күндері ауруханадан шығару жоспарланып отыр. Қазіргі таңда медициналық ұйымдарда шамамен 40 адам қалып отыр: олардың жартысында қызылша расталған, қалғандары ЖРВИ диагнозымен ем қабылдап жатыр. Ал колледж жанындағы госпитальда медициналық бақылауда 100-ге жуық адам бар.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы жағдайдың ауқымына қарамастан, эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстап отырғандарын мәлімдеді.
«Жалпы саны, оның ішінде кадеттер мен әскери қызметшілерді қоса алғанда, 520 адамды құрайды. Соның 99-ы – сержанттық құрамдағы әскери қызметші. Ал 334 адам – ем қабылдап жатқан, посттерапиялық бақылауда тұрған және карантинде отырған адамдардың жалпы саны», – деп хабарлады ведомство.