«Халық – егемендіктің жалғыз көзі»: Қарағанды облысында Конституция жобасын талқылауға арналған жиын өтті
Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды облысының активімен жаңа Конституция жобасын талқылады
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңір активімен жаңа Конституция жобаның негізгі мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыс басшысының айтуынша, өзгерістер адам құқықтары, билік жүйесін құру және өңірлердің жұмыс істеу ережелерін жетілдіруге бағытталған.
«Жаңа Конституцияда халық егемендіктің жалғыз көзі және тасымалдаушысы екендігі нақтыланды. Президент, Құрылтай және вице-президент өкілеттіліктерінің айқын құрылымы беріледі. Сондай-ақ мемлекеттің зайырлы сипатының мәртебесі бөлек белгіленгенін атап өткім келеді. Жергілікті өзін – өзі басқару органдары үшін жұмыстың нақты негіздері мен құралдары көрсетіліп, жұмыс нәтижесі үшін нақты жауапкершілік қарастырылған.
Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің басымдығы деп аталып, оның кіріспе бөлігі айтарлықтай күшейтіліп, қайта қаралды. Біздің мемлекеттілігіміздің іргетасы болып табылатын бірлік, ынтымақтастық, этносаралық және конфессияаралық келісім атап өтіледі. Әділеттілік, заң және тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау принциптері Конституция деңгейінде бекітілген. Сондай-ақ әрбір қазақстандықтың жанына жақын құндылықтардың бағдарлары берілген», – дейді әкім.
Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, жаңа редакция жергілікті билік пен азаматтық қоғам институттарының рөлін күшейтіп, тұрғындарға шешім қабылдауға көбірек мүмкіндік береді.
«Конституция жобасы көпшілік алдында талқыланып, пікірлер мен ұсыныстар айтылады. Бұл үшін менің өкімім бойынша депутаттардың, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер мен сараптамалық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен облыстық түсіндіру тобы құрылды. Ауқымды талқылау барлығымыз үшін маңызды құжаттың мәнін ұғынуға мүмкіндік береді», – деп жазды Қарағанды облысының әкімі.