$ 505.17  599.54  6.59
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Үнзила Шапақ Конституция жобасы демократиялық қағидаттарға сай екенін айтты

 Депутат Жаңа Конституция құқықтық мемлекеттің негіздерін нығайтады дейді

Үнзила Шапақ Конституция жобасы демократиялық қағидаттарға сай екенін айтты
Фото: parlam.kz

Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы халықаралық құқық нормаларына толық сәйкес келеді және демократиялық әрі құқықтық мемлекеттің орнықты дамуына берік негіз қалайды. Бұл туралы Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының отырысында сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, парламенттік реформадан бастау алған конституциялық трансформация елдегі құқықтық жаңарудың эволюциялық жолын айқындады. Конституциялық сабақтастық сақтала отырып, мемлекеттік басқару моделі қазіргі саяси және әлеуметтік талаптарға бейімделді, ал Ата заң қоғамның сұранысы мен басқару тиімділігін арттыру міндеттеріне сай қайта қаралды.

Үнзила Шапақ өз сөзінде жаңа Конституция жобасының халықаралық демократиялық стандарттарға сәйкестігіне ерекше тоқталды. Ол заң шығару үдерісінің ашықтығы мен жариялылығы, қоғамның заң жобаларын талқылауға қатысуы және жалпыхалықтық референдумды бекіту ЕҚЫҰ талаптарына, соның ішінде 1990 жылғы Копенгаген құжаты мен 1991 жылғы Мәскеу құжатына, сондай-ақ Венеция комиссиясының қағидаттарына толық сай келетінін атап өтті.

«Конституция жобасында мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі әрі егемендіктің иесі Қазақстан халқы екені туралы норма бекітілуі халық егемендігі қағидатын тікелей көрсетеді және БҰҰ Жарғысына, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактке толық сәйкес келеді», – деді депутат.

Сондай-ақ ол Конституция жобасының адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты мазмұндық бөлігі әмбебап халықаралық актілерді барынша ескере отырып әзірленгенін атап өтті.

Құжатта өмір сүру құқығы, жеке басының қол сұғылмаушылығы, дербес деректерді қорғау, заңсыз бостандықтан айыруға тыйым салу және сот шешімінсіз ұстауға жол бермеу қағидаты бекітілген. Бұл атқарушы биліктің ерікті өкілеттіктерін едәуір шектеп, құқық үстемдігін күшейтеді.Цифрландыру жағдайында жеке өмірді қорғау мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Үнзила Шапақтың айтуынша, хат-хабар құпиясы, банк құпиясы және цифрлық коммуникацияларды қорғауға қатысты нормалар халықаралық стандарттарға сай және адам құқықтарының заманауи дамуын көрсетеді.

Депутат мемлекеттің зайырлы сипаты, судьялардың тәуелсіздігі, адвокатура мәртебесін нығайту және сот ісін жүргізу нысандарын кеңейту туралы ережелердің халықаралық тәжірибеде қабылданған әділ сот талқылауы стандарттарына толық сәйкес келетінін де атап өтті.

«Конституциялық соттың Конституцияның үстемдігін қорғау және халықаралық шешімдердің орындалуын бағалау жөніндегі өкілеттіктері конституциялық сот төрелігінің қазіргі моделіне сай. Бұл  халықаралық міндеттемелерден бас тарту емес, мемлекеттің конституциялық бірегейлігін қамтамасыз ету тетігі», – деді ол.

Сөз соңында Үнзила Шапақ жалпы алғанда жаңа Конституция жобасы БҰҰ Жарғысының қағидаттары мен Қазақстанның халықаралық міндеттемелері логикасында әзірленгенін, бұл демократиялық және құқықтық мемлекеттің орнықты дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыратынын айтты.