«Есірткісіз болашақ»: Алматы облысында джиу-джитсудан турнир өтті
Турнирге 100-ден астам жас спортшы қатысады
Алматы облысында есірткі қылмысының алдын алу шеңберінде джиу-джитсудан «Sagadat Batyr Festival» турнирі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы әкімдігіне сілтеме жасай отыр
«Есірткісіз болашақ» ұранымен өткен додаға 100-ден астам жас спортшы қатысты. Олар тек физикалық дайындығын ғана емес, салауатты әрі белсенді өмір салтын таңдаған саналы ұрпақ екендіктерін де көрсетті.
Турнирдің басты ұйымдастырушысы – Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы бойынша Республикалық кеңестің мүшесі, Алматы облыстық мәслихатының депутаты, джиу-джитсудан қара белбеу иегері, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat Batyr – QTT» клубының бас бапкері Нұрсұлтан Орынбасаров.
Іс-шара Алматы облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен облыстық Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі кеңестің ресми қолдауымен өтті. Жиын барысында Алматы облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ерекше маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Алтын Темірғалиева жас спортшыларға ақ тілегін білдірді.
«Спорт – бұл күш-қуат, денсаулық және сіздердің есірткісіз өмірді саналы түрде таңдауларыңыз. Бүгінгі турнир жастарымыздың дамудың дұрыс жолын таңдағанын дәлелдейді. Баршаңызға адал күрес, өзіңізге деген нық сенімділік және татамиде де, өмірде де жарқын жеңістер тілеймін», – деп атап өтті ол.
Турнирге спорт саласы мен өңірдегі қоғамдық тұрақтылықтың дамуына елеулі үлес қосып жүрген құрметті қонақтар қатысты: қоян-қолтық ұрыстан үш дүркін әлем чемпионы, ММА кәсіпқой файтері Сара Рахмонова, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Сергей Гориной, сондай-ақ Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі кеңес мүшелері Алихан Мамыров пен Мейіржан Алмас. Қонақтар марапаттау рәсіміне қатысып, жеңімпаздарға медальдар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Жарысты қорытындылай келе, Нұрсұлтан Орынбасаров мұндай бастамалардың идеологиялық және әлеуметтік маңызына тоқталды.
«Мұндай жарыстар жастарды белсенді спорттық ортаға тартып, жат қылықтарға қарсы төзімділігін тәрбиелейді. Бұл – мінезді шыңдап, спорттық тәжірибе жинақтаудан бөлек, профилактиканың қуатты құралы. Алматы облысы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына жүйелі қолдауы үшін алғыс айтамын. Біз Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі кеңес тарапынан еліміз үшін қауіпсіз әрі салауатты болашақ құру жолында мұндай жобаларды әрі қарай да кеңейте береміз», – деп түйіндеді ол.