Күн жылы болып, қар аз жауады: Қазақстанда ақпан айында ауа райы қандай болады
Синоптиктердің болжамы жарияланды
«Қазгидромет» РМК 2026 жылдың ақпан айына арналған консультативтік синоптикалық болжам жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің болжамынша, ақпан айы жылырақ болып, жауын-шашын мөлшері орташа деңгейде жауады деп күтіліп отыр.
«Еліміздің басым бөлігінде ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 1-2° жоғары, ал оңтүстік-шығысында нормаға жуық болады. Жауын-шашын республиканың көп бөлігінде климаттық норма шамасында, ал солтүстік-батыс бөлігінде, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтардың таулы және тау бөктері өңірлерінде нормадан көп болуы мүмкін», – делінген синоптиктердің болжамында.
Бірінші онкүндікте температуралық фон:
Республиканың батысында, солтүстік-батысында (Ақтөбе облысы) түнде ауа температурасы 23-28° аязға дейін төмендейді, күндіз 15-23° аяз болады. Онкүндіктің соңында аяз бәсеңдеп, түнде 10-20° аяз, күндіз 0…-8° аяз болады.
Елдің солтүстігінде, орталығында және шығысында түнгі температура қысқа уақытқа 15-25° аяздан 2-10° аязға дейін жоғарылайды, күндіз 5-13° аяздан +4…-1° аралығына дейін жылынады. Онкүндіктің соңында температура қайта төмендеп, түнде 18-28° аязға, күндіз 13-20° аязға дейін жетеді.
Оңтүстік-батыста, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста түнгі температура 5° аяздан +5° жылылыққа дейін, кейін 3-11° аязға дейін ауытқиды (Қызылорда облысының солтүстігінде 18° аязға дейін). Күндіз температура +3…+10°-тан +8…+17°-қа дейін көтеріледі, кейін 0…+8°-қа дейін төмендейді.
Жалпы ақпан айында батыста, солтүстікте, орталықта және шығыста ең қатты аяздар бірінші және екінші онкүндіктерде күтіледі: түнде 21-30° аязға дейін, шығыстың таулы аймақтарында 35° аязға дейін, күндіз 13-20° аяз болады. Бірінші онкүндіктің ортасында (батыста – басында), сондай-ақ екінші және үшінші онкүндіктердің жекелеген күндерінде күндіз жылымық болуы мүмкін.
Республиканың оңтүстік жартысында ақпан бойы түнгі температура 5° аяздан +5° жылылыққа дейін, кейде 3-15° аязға дейін ауытқиды, күндіз 0…+10°-тан +8…+17°-қа дейін болады.
Республиканың солтүстік бөлігінде жауын-шашын негізінен қар түрінде, ал оңтүстік-батыста және оңтүстік өңірлерде жаңбыр мен дымқыл қар түрінде түседі. Тұман, көктайғақ, желдің күшеюі, солтүстікте боран күтіледі.