Алатаудағы түрме былығы: экс-шенеунік сотталғандардан бірнеше рет пара алған
Бұрынғы лауазымды тұлға сотталғандардан бірнеше рет заңсыз сыйақы алған деген күдікке ілініп, бұл іс бойынша тергеу басталды
Алматы облысында қылмыстық-атқару жүйесінің бұрынғы қызметкеріне қатысты ауқымды тергеу басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №14 мекемеде басшының орынбасары қызметін атқарған Серік Арыстанов ұсталған. Ол сотталған адамдардан бірнеше рет пара алды деген күдікпен тергеліп жатыр.
Аталған іс Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша қозғалған. Бұл бап лауазымды тұлғаның бірнеше мәрте пара алу фактілеріне қатысты жауапкершілікті көздейді.
Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасын Қонаев қаласының мамандандырылған тергеу соты таңдады. Сот санкциясымен бұрынғы шенеунік қамауға алынды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Прокуратура қылмыстық процестің талаптарына сәйкес өзге деректер жария етілмейтінін хабарлады.