$ 501.02  597.27  6.59
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қаржы, баспана, жұмыс: депутат қабылдауларында қандай мәселелер жиі айтылды?

Депутаттар мен әкімдік өкілдері ел өңірлерінде тұрғындардың әлеуметтік және құқықтық түйткілдерін шешуге кірісті

Қаржы, баспана, жұмыс: депутат қабылдауларында қандай мәселелер жиі айтылды?
Фото: партияның баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері азаматтармен ашық әрі тікелей диалог орнатудың тиімді алаңына айналып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осы аптада еліміздің бірқатар өңірінде өткен қабылдаулар барысында тұрғындар қауіпсіздік, қаржылық тұрақтылық, әлеуметтік қорғау және құқықтық мәселелерге қатысты өзекті проблемаларын көтерді.

Партияның Орталық аппаратында Мәжіліс депутаттары бірқатар азаматты қабылдады. Астана тұрғыны мүлік иелері бірлестігі туралы қолданыстағы заңнама қарапайым тұрғындарға қиындық туғызатынын айтып, оны жетілдіру жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ кәсіпкерлік нысанды заңсыз тартып алуға қатысты шағым айтылып, мәселе құзырлы органдардың қарауына жолданды.

Қабылдауларда интернет-алаяқтық деректері де назардан тыс қалмады. Жеке басына рұқсатсыз ірі көлемде несие рәсімделген жалғызбасты анаға қолданыстағы құқықтық қорғаныс тетіктері түсіндірілді. Бұдан бөлек, ерекше қажеттілігі бар балаларды емдеуді ұйымдастыру мәселелері қозғалды.

Келесі қабылдауда елорда тұрғындары несие жүктемесі, жұмысқа орналасу, медициналық көмек алу және кәсіпкерлікке қысым көрсетуге байланысты мәселелерді көтерді. Депутаттар қарызды қайта құрылымдау жолдарын, еңбек құқығы мен мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жан-жақты түсіндіріп, барлық өтінішті ресми тіркеуге алды.

Өңірлердегі қоғамдық қабылдау бөлмелері де белсенді жұмыс істеді. Шымкентте білім беру, мәдениет және әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты ұсыныстар айтылса, қалалық мәслихат депутаттары жол, арық жүйесі, кәсіпкерлік пен әлеуметтік саладағы нақты мәселелерді жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шешуге кірісті.

Қостанайда «Кедергісіз келешек» жобасы аясында тұрғындар жұмыспен қамту және құқықтық көмекке жүгінді. Семейде баспана, материалдық қолдау және жұмыссыздық мәселелері қаралып, қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарға қаржылық сауаттылықты арттыру жолдары ұсынылды.

Батыс Қазақстан облысында өткен қабылдауларда да әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау және тұрғын үй мәселелері көтеріліп, күрделі жағдайлар бойынша салалық мамандарды тарта отырып, бірлескен шешім қабылдау тәжірибесі қолданылды.

«AMANAT» партиясы қоғамдық қабылдаулар арқылы азаматтардың күнделікті өмірінде туындайтын түйткілдерді назардан тыс қалдырмай, оларды заң аясында шешуге басымдық беріп келеді.