СҚО-да сталкинг дерегі бойынша Қазақстандағы алғашқы сот үкімі шықты
Жаңа қылмыстық баппен сотталған азаматқа қоғамдық жұмыс пен қатаң шектеулер белгіленді
Солтүстік Қазақстан облысында сталкинг дерегі бойынша ел тарихындағы алғашқы сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Петропавл қалалық соты Қылмыстық кодекстің жаңа 115-1-бабы аясында істі қарап, айыпталушыға жаза тағайындады.Тергеу материалдарына сәйкес, қала тұрғыны 37 жастағы ер адам бір жарым жылдан астам уақыт бойы әйел адамды жүйелі түрде қудалап келген. Ол жәбірленушінің жүріс-тұрысын бақылап, байланыс орнатуға мәжбүрлеген, әйелдің өзімен де, жақындарымен де жиі жанжал шығарған. Мұндай әрекеттер салдарынан жәбірленуші қала ішінде еркін жүріп-тұрудан қалып, адамдармен араласудан қорқатын күйге түскен.
Айта кетерлігі, айыпталушы бұған дейін де жәбірленушіге күш көрсетіп, балағаттағаны және оның танысына шабуыл жасағаны үшін әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Соған қарамастан, қудалау әрекетін тоқтатпаған. Қазақстанда 2025 жылдың қыркүйегінен бастап сталкингті қылмыс ретінде қарастыратын жаңа бап күшіне енгеннен кейін де ер адам жәбірленушімен екі мәрте байланыс орнатуға тырысқан. Оның бірі көпқабатты үйдің кіреберісіндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Жәбірленуші 22 қаңтарда полицияға арыз беріп, құқық қорғау органдары қысқа мерзімде тергеу жүргізіп, істі сотқа жолдады. 28 қаңтарда сот айыпталушыны 100 сағат қоғамдық жұмысқа кесіп, алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салды. Сондай-ақ, ол профилактикалық әңгімелесу үшін полицияға тұрақты түрде келіп тұруға міндеттелді және жәбірленушімен кез келген байланысқа қатаң тыйым салынды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
СҚО полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы қаңтар айында облыс аумағында сталкингтің екі фактісі тіркелгенін хабарлады. Қазіргі уақытта екінші дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.