$ 503.17  600.89  6.63
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Әр азамат, әр отбасы цифрландырудың нақты пайдасын сезінуі қажет – Қошанов

«AMANAT» партиясы цифрлық даму мен жасанды интеллектті ел өміріне кеңінен енгізуді жеделдетпек

Әр азамат, әр отбасы цифрландырудың нақты пайдасын сезінуі қажет – Қошанов
Фото: Әли Ғалым

Қазақстанда цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту күн тәртібіндегі басты бағыттардың біріне айналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл мәселе Астанада «AMANAT» партиясының алаңында өткен цифрлық даму және жасанды интеллект жөніндегі республикалық партиялық кеңестің кеңейтілген отырысында жан-жақты талқыланды.

Жиында Мемлекет басшысының Жолдауы мен Ұлттық құрылтайдың V отырысында айқындалған міндеттерді іске асыру, елді цифрлық тұрғыда жаңғырту және азаматтардың цифрлық сауатын арттыру жолдары қаралды. Отырысқа қатысушылар цифрландыру тек технологиялық өзгеріс емес, қоғам өмірінің барлық саласын қамтитын жүйелі реформа екенін атап өтті.

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов партияның Президент саясатын жүзеге асыруда белсенді рөл атқарып отырғанын айтты.

«Цифрландыру мен жасанды интеллект – тек салалық мәселе ғана емес, тұтас елдің дамуына ықпал ететін ауқымды, серпінді бағыт. Мемлекет басшысының өзі бұл саладағы іргелі істерге тікелей бастамашы болып, ерекше бақылауында ұстап отыр. Жаңа цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект халқымызға, еліміздің болашағына жұмыс істеуі керек. Әр азамат, әр отбасы, күллі қоғам оның пайдасын сезінуі қажет. «AMANAT» партиясы Президентіміздің қоғамдық-саяси тірегі ретінде осы жұмыстың алдыңғы шебінде жүруге тиіс», – деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан цифрландыру бағытында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексінде еліміз 24-орынға көтеріліп отыр. Дегенмен басты мақсат халықаралық рейтинг емес, цифрлық шешімдердің қарапайым азаматтардың өмірін жеңілдетуі.

Партия жаңа цифрлық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Соның бірі «Цифрлық қоғам» жобасы. Бұл жоба барлық өңірді қамтып, халықтың цифрлық сауатын арттыруды, технологияларды күнделікті өмірде қауіпсіз әрі тиімді қолдануды үйретуге бағытталған. Әсіресе зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға, жұмыссыз азаматтарға және ерекше қажеттілігі бар адамдарға басымдық беріліп отыр.

Қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған «Қарызсыз қоғам» жобасы да цифрлық форматта жаңа серпін алды. Өтініштерді өңдеудің бірыңғай жүйесі мен чат-боттар арқылы кеңес беру тетігі іске қосылып, былтырдың өзінде 800 мыңнан астам адам оқудан өтіп, заңгерлік көмек алған.

Сонымен қатар партия депутаттары Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» заңды әзірлеуге бастамашы болды. Бұл құжаттар жасанды интеллектіні, платформалық экономиканы және ауқымды деректерді дамытуға құқықтық негіз қалыптастыруға жол ашты.

Талқылау барысында партия жанынан цифрлық комиссар институтын құру ұсынылды. Бұл бастама цифрлық ортада азаматтардың құқығын қорғауды күшейтіп, IT саласындағы дарынды жастарды қолдауға және шалғай ауылдарды интернетпен қамту барысын бақылауға мүмкіндік бермек.

Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мемлекеттік және қаржы секторларындағы цифрлық трансформацияның қарқыны жоғары екенін атап өтті. Ол партиямен бірлесіп, ел аумағында цифрлық және жасанды интеллект бойынша оқыту курстарын өткізуге дайын екенін жеткізді.

Сарапшылар да өз ұсыныстарын ортаға салды. IT мамандар цифрландырудың табысты болуы деректер сапасы мен кадрлық әлеуетке тікелей байланысты екенін айтты. Өңірлерде деректерді қолмен енгізу мен білікті мамандар тапшылығы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті кеңейту және «ақылды қала», «ақылды өңір» шешімдерін жергілікті ерекшелікке бейімдеу қажеттігі атап өтілді.

Кездесу қорытындысында цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға үлес қосқан партия мүшелері мен сарапшылар марапатталды. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, салалық ведомстволар өкілдері, IT-қоғамдастық мүшелері қатысып, өңірлер онлайн форматта қосылды.