Конституцияның мәтіні өз мазмұны мен мағынасы тұрғысынан жаңартылды – Е.Қарин
Адам құқықтары мен адами капитал – жаңа Конституцияның басты назарында
Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өгерістерге қатысты ойы мен ұсыныстарын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Конституция – тек заң нормаларының жиынтығы ғана емес, кез келген елдің Конституциясы сол мемлекеттің қоғам дамуының басты құндылықтарын, қағидаттарын, бағдарларын бекітетін құжат. Сондықтан мен Конституцияның жаңа мәтінінің идеялық өлшемі мен мазмұнына арнайы тоқталғым келеді.
Құрметті, комиссия мүшелері! Кеше Бақыт Маратұлы Конституцияның жаңа мәтінін таныстыру барысында мәтіннің 84 пайызы өзгеріске ұшырады деген. Яғни, жаңа баптар, жаңа бөлімдер, Конституцияның құрылымы айтарлықтай өзгерді. Дегенмен Конституцияның жаңашылдығы – түзетулердің көптігінде емес, ең алдымен оның жаңа тұжырымдамалық мазмұнында. Баптар мен бөлімдер тек редакциялық өзгерістерге ұшырап отырған жоқ. Біз бүгін талқылап отырған Конституцияның мәтіні жаңаша, жаңа мазмұнда, жаңа мағынада қайта жазылды. Соның айқын мысалы, бұл бұрынғы мәтіннің жаңартылған нұсқасы емес. Комиссия талқылауындағы жаңа нұсқа – әріптесім Айдос Сарым айтып өткендей, президенттің жуырда жариялаған тұжырымдамалық тезистік негізінде әзірленген мағынасы мен ішкі рухы жағынан мүлде жаңа преамбула», – дейді Ерлан Қарин.
Ол өз сөзінде жаңа преамбуладағы өзгерістер жайлы ойын білдіріп өтті.
«Біріншіден, адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдықтары ретінде жарияланды. Екіншіден бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім – мемлекеттігіміздің негізі ретінде айқындалды. Үшіншіден, соңғы жылдары қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналған әділеттілік, заң және тәртіп, табиғатты аялау сияқты құндылықтар алғаш рет Конституцияда бекітілген. Төртіншіден, алғаш рет Конституциямыздың кіріспесінде мемлекеттігіміздің тарихи жолы мен өркениет бастаулары айқын көрсетілді. Яни, преамбуланың кейбір сөйлемдері үтір-нүктелері өзгертіліп отырған жоқ, ол жаңа мазмұнда жазылып отырған жаңа нұсқа. Жаңа преамбула қысқаша айтқанда өткенімізді – біз кім болдық, бүгінгі күннің қағидаттарын және ертеңгі күннің бағдарын белгілеп отыр.
Құрметті әріптестер, жаңа Конституцияның мазмұндық ерекшеліктерінің кейбір тұстарына тоқталып өткім келеді. Жаңа Конституцияның орталық идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновацияға айқындалып отыр.
Конституцияның жаңа мәтінінде конституциялық құрылыстың негіздері деп аталатын 1-бөлімінің 1-бабының 3-тармағында Қазақстан Республикасы адам капиталының, білімнің, ғылымның инновацияның дамуын мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды деп жазылған. Бұл – мемлекеттік саясаттағы түбегейлі маңызды бетбұрыс, яғни мемлекеттің болашағы қазба байлықтарында емес, білім мен ғылым, адами капитал және азаматтардың жетістігі дегенді білдіреді. Бұл – өте маңызды жаңа ұстаным. Осылайша жаңа Конституция «Мемлекет не үшін керек? Кім үшін керек?» деген сұрақтарға айқын, нақты жауап береді», – дейді ол.
Екінші, Конституцияның жаңа мәтінінің жаңа заман талаптарына сай жазылуы.
«Біз цифрлы дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Азаматтар мен мемлекеттің қарым-қатынасы бүгінде цифрлық кеңістікте жүзеге асып жатыр. Енді міне, Конституцияда алғаш рет азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғау нормасы бекітіледі, яғни жеке деректерді қорғау – бүгінде адам құқықтарын қорғаудың жаңа өлшемі ретінде айқындалуда. Бұл Конституцияның болашаққа бағытталғанын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда жаңа Конституция келешекте басқа елдерге де үлгі мен бағдар болады деп ойлаймын.
Үшінші. Жаңа Конституцияның тағы бір ерекшелігі, адам құқықтарына бағдарлануы. Адам құқықтары мен бостандықтағы жаңа преамбулада 1-бөлімнің 1-бабында ғана емес, Конституцияның негізгі құқықтары бостандықтар мен міндеттер деп аталатын негізгі 2-бөлімінде топтастырылып, айқындалып, бөліп көрсетіліп отыр.
Адам құқықтары мен бостандықтары жаңа құқықтық тетіктер мен кепілдіктермен қамтамасыз етілген. Мысалы, Конституцияның жаңа мәтінінде адвокатура мен адвокаттық қызмет туралы арнайы баптың алғаш рет бекітілуі осыған дәлел. Бұл адвокаттар қауымдастығының көптен бері көтеріп жүрген мәселесі әрі негізгі ұсынысы болатын. Енді ол конституциялық деңгейде орнықты», – дейді Ерлан Қарин.
Төртінші. Жаңа Конституцияда қоғамдағы жаңа құндылықтар айқындалды.
«Қоғам өзгеріп жатыр, қоғамдық сана өзгеріп жатыр. Соның нәтижесінде, жаңа қоғамдық сұраныс, жаңа талаптар пайда болып отыр. Жаңа Конституция осы талаптар мен сұраныстарға жауап береді. Мысалы, соның бірі, дін мен мемлекет ара-жігін нақты белгілеу. Жаңа мәтінде мемлекет зайырлық сипатта нақты бекітілген. Жаңа редакциядағы Конституцияның 5-бабында дін мемлекеттен бөлек деп анық жазылған. Өз кезегінде 30-бапқа рухани, діни білім беру ұйымдарын қоспағанда Қазақстан Республикасының ұйымдары мен мекемелерінде білім және тәрбие беру жүйесі зайырлық сипатқа ие деген жаңа норма қосылып отыр. Мұның бәрі мазмұн жағынан да, мағына жағынан да өте маңызды шешім.
Тағы бір қоғамдағы талаптың бірі жат мәдени модельдер мен мінез-құлық нормаларын күштеп енгізу мәселесіне деген алаңдаушылық. Сондықтан Конституцияда ер мен әйелдің тең құқықты одақ екендігі алғаш рет бекітілуде. Мұндай шешім дәстүрлі құндылықтарды ең жоғарғы үздік деңгейде қорғауға бағыттайды. Екінші жағынан, бұл әйелдердің құқықтарын күшейтеді.
Бесінші. Конституция жобасына қатысты басқа да екі ұсынысты енгізуді жөн деп санап отырмыз. Ең алдымен, қазіргі қолданыстағы Конституциядағы «Қазақстан Республикасы – президент басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» деген норманы нақтылап, жаңа редакцияда «Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет, басқару үлгісі – президенттік республика деп нақты жазуды ұсынамын. Екінші. Қолданыстағы Конституцияның 3-бабында мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы – халық деп көрсетілген. Әрине мызғымас қағидат. Енді осыған егемендік иесі деген сөз тіркесін қосу қажет. Енді бұл бап былай деп жазылса деген ұсыныс бар. Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы. Бұл конституциялық құрылыстың ішкі логикалық тұтастығын қамтамасыз етеді», – деді мемлекттік кеңесші.
Сөзін жалғай отырып, сарапшылар мен заңгерлер біраз уақыттан бері ескірген терминологиялық аппаратқа қатысты мәселені көтеріп жүргенін қозғап өтті. Себебі қолданыстағы Конституция 1995 жылдан, яғни кеңестік дәуірден енді шыққан кездегі жағдайда, сол дәуірдің терминологиялық аппараты мен сол кездегі лексикамен, сол кездегі уақыттың риторикасымен жазылды.
«Айталық, кезінде қолданылған мемлекеттік қауіпсіздік, телеграф, тектік, топтық, араздық және т.б. терминдер қазіргі уақытта ашық анахронизм. Өйткені Қазақстан бүгінде мүлдем басқа жағдайда өмір сүріп жатыр.
Қазіргі қолданыстағы Конституция кеңестік кезеңнен енді ғана босап, тәуелсіздігімізді енді ғана алған елең-алаң шақта қабылданды. Қазіргі Конституция осы уақыт аралығында еліміздің дамуына үлкен серпін берді», – деп мемлекеттік кеңесші сөзін қорытындылады.