Қазақстанда әр үшінші адам құмар ойынға әуес
Қазақстанда 15 мың адам құмар ойынға тәуелділік қаупінде тұр
Қазақстан халқының 29%-ында құмар ойындар мен лотереяларға қатысу тәжірибесі бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Туризм және спорт вице-министрі Бауыржан Рапиковтің айтуынша, министрлік заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды іске асырып келеді. Осы жұмыс аясында Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет республикалық деңгейде құмар ойындарға тәуелділіктің себептері мен ауқымын анықтауға бағытталған кең көлемді әлеуметтанулық зерттеу жүргізілген.
Зерттеуге еліміздің барлық өңірінен 6 мың респондент қатысқан. Нәтижесінде халықтың 29%-ы құмар ойындар мен лотереяларға қатысып көргені анықталды. Сонымен қатар азаматтардың шамамен 4%-ы заңсыз букмекерлік кеңселер мен интернет-казинолардың клиенттері болып шыққан.
Бауыржан Рапиковтің дерегінше, бүгінде Қазақстанда 500 мыңға жуық адам құмар ойындарға тұрақты түрде қатысады. Ал 15 мыңға тарта азамат лудомания тұрғысынан тәуекел аймағында тұр.
Зерттеу нәтижелері тұрақты ойыншылардың басым бөлігі өз өміріне қанағаттанбайтын адамдар екенін көрсеткен. Ал тәуекел тобына көбіне қалада тұратын, ажырасқан немесе бойдақ, жасы 24–29 аралығындағы ер адамдар жатады. Көп жағдайда олар бәс тігу мен казиноны табыс табудың бір тәсілі ретінде қабылдайды.
Вице-министрдің айтуынша, жиналған деректер тәуекел тобына кіретін азаматтармен нақты, атаулы жұмыс жүргізуге және алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.