Ел бойынша бір күнде мыңдаған адам тазалыққа шықты
Акция аясында қоғамдық орындар тазартылып, экологиялық мәдениетке басымдық берілді
Еліміздің барлық өңірінде «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында өткен шараға партия белсенділері, мәслихат депутаттары, жастар және жергілікті тұрғындар қатысып, көшелер мен аулалар, қоғамдық орындар қар мен қоқыстан тазартылды.
Акцияның негізгі мақсаты – елді мекендердегі санитарлық жағдайды жақсартып қана қоймай, қоғамда қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Бұл жолы тазалық жұмыстары бірқатар өңірде әлеуметтік көмекпен және экологиялық ағартумен ұштастырылды.
Атырау облысының Махамбет ауданында орталық көшелер мен алаңдар ретке келтіріліп, қар күрелді. Елорданың Нұра ауданында экологиялық ағартуға басымдық беріліп, мектеп оқушыларына арналған «Өскіннен фито-сыныпқа дейін» жобасы таныстырылды. Шымкент қаласының Еңбекші ауданында көпқабатты үйлердің аулалары тазартылып, тұрмыстық қалдықтар шығарылды.
Қарағанды облысының Балқаш қаласында және Ұлытау облысының Қаражал қаласында еріктілер жалғыз тұратын қариялардың үй аумағын тазалап, отын мен көмір тасуға көмектесті. Түркістан облысының Сайрам ауданында тарихи ескерткіштер мен ардагерлер аллеясы қардан тазартылып, жолдарға құм мен тұз себілді.
Шығыс Қазақстан облысының Самар ауылында 1,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолы тазартылып, ондаған тонна қар шығарылса, Алматы облысының Іле ауданында өткен акция барысында шамамен 2 тонна қоқыс жиналды.