$ 501.79  595.07  6.56
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қарағанды облысында алюминий кластерін қалыптастыруға негіз қаланды

Зауытта 250 жаңа жұмыс орны ашылады

Қарағанды облысында алюминий кластерін қалыптастыруға негіз қаланды
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысында ауқымды индустриялық жоба – алюминий кластерін құру жұмыстары бастау алды. Кластердің негізгі тірегі ретінде алюминий және биметалл жылыту радиаторларын өндіретін Silumin of Qazaqstan зауыты белгіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қарағанды облысының әкімдігіне сілтеме жасай отырып.

Қарағанды облысында ауқымды индустриялық жоба – алюминий кластерін құру жұмыстары бастау алды. Кластердің негізгі тірегі ретінде алюминий және биметалл жылыту радиаторларын өндіретін Silumin of Qazaqstan зауыты белгіленді.

«Бұл – өңір үшін мүлде жаңа бағыттағы жоба. Алдағы кезеңде осы өндірістің негізінде толыққанды алюминий кластерін қалыптастыруды көздеп отырмыз. Мұнда алюминий қалдықтарын қайта өңдеу, сондай-ақ тұрмыстық мақсаттағы өнімдерді қоса алғанда, түрлі дайын бұйымдар шығарылады. Алғашқы өнімді көктем мезгілінде алуды жоспарлап отырмыз», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Жоба толық өндірістік циклды қамтиды. ECG технологиясына сәйкес алюминий сынықтары АДЦ-12 және АК-12М2 қорытпаларына өңделеді. Кейін радиатор секциялары жоғары қысыммен құйылып, механикалық өңдеуден, бояудан және міндетті сынақтардан өтеді.

«Қолданылатын технологиялар Италия мен Германияның жылу механикасы институттарымен бірлесіп жүргізілген өз ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарымыздың нәтижесінде әзірленді. Бұл жоғары жылу беру деңгейіне ие әрі бәсекеге қабілетті радиаторлар шығаруға мүмкіндік береді» – деді зауыт директоры Нұрсұлтан Жұмабек.

Өндірісті дәл «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналастыру өңірдің географиялық артықшылықтарымен де байланысты. Қарағанды облысы елдің орталығында орналасқан, негізгі көлік-логистикалық бағыттарға жақын. Сонымен қатар бұл – білікті кадрлық әлеуеті қалыптасқан ірі өнеркәсіптік өңір.

Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 5,5 миллион радиатор секциясын құрайды. Алғашқы кезеңде 250 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда 30 маман арнайы оқытудан өтіп жатыр, болашақта олар өндірістік шеберлер ретінде жұмыс істейді. Ұзақ мерзімді келешек жоспарға сац, қызметкерлер саны 750 адамға дейін ұлғайып, өнім түрлері де кеңейтіледі.

Алюминий кластерін одан әрі дамыту алюминий технологиялары мен инжиниринг орталығының базасында жүзеге асырылады. Бұл орталық бизнес, мемлекет және ғылым өкілдерін біріктіретін алаңға айналады. Жаңа технологияларды енгізу мен кадр даярлау жұмыстарына ғылыми-зерттеу институттары мен Қарағанды өңірінің жоғары оқу орындары тартылады.

Сондай-ақ облыс әкімі Solidcore Resources компаниялар тобына арналған геологиялық барлау сынамаларын зерттейтін заманауи зертхананың құрылысы барысымен танысты. Аталған зертхана өңірдегі өзге де өнеркәсіп кәсіпорындарына қызмет көрсететін болады.

«Мемлекет басшысы геологиялық барлау жұмыстарын күшейту қажеттігін бірнеше мәрте атап өтті. Мұндай жұмыстар заманауи зертханаларсыз мүмкін емес. Бұл жоба бүгінгі талаптарға толық жауап береді», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Аталған нысанда 160 жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазірдің өзінде жоғары оқу орындары және колледждермен бірлесіп, болашақ мамандарды даярлау жұмыстары басталған.

Бұдан бөлек, өңірде теміржол көлігіне арналған қосалқы бөлшектер мен доңғалақ жұптарын өндіретін зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Кәсіпорын толық салынған және кірме теміржол желілерімен қамтамасыз етілген. Өнім шығару ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығына белгіленген.

Тағы бір инвестициялық жоба – өсімдіктерді қорғау құралдарын өндіретін зауыт. Қазіргі уақытта алғашқы кезең нысандарының құрылысы басталып, алдағы уақытта гербицидтер, фунгицидтер және өзге де агрохимиялық өнімдер шығару жоспарланған.

«Бүгінде «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында бір мезетте бірнеше ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Инвесторлар мемлекет тарапынан нақты қолдауды сезініп отыр. Жақын уақытта аймаққа табиғи газ жеткізіледі, бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақты кеңейту жоспарымызда бар», – деп қорытындылады облыс әкімі.