Семейдегі сталкинг: 24 жастағы бойжеткен тұрғындардың үрейін туғызды (ВИДЕО)
Полиция оған айыппұл салған
Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде Семейде болған қорқынышты жағдайдың видеосы талқыланып жатыр: түнгі үште үйіне келіп, подьездің есігін ашып берген бойжеткенге 24 жастағы қыз тап берген, деп жазады Azattyq Rýhy.
Аружан есімді бойжеткен таңғы 04:00-те жұмысынан үйіне келген. Ол кіреберіс есікті аша берген кезде соңынан бір бойжеткен ере кірген. Подъезге кірер кезде белгісіз қыз ұрыс шығарып, Аружанның бірінші кіргенін талап еткен.
«Түнде мұндай жағдай болады деп ойламадым. Қыз баласы болған соң қорықпаймын деп те ойладым. Алайда оның әрекеті мен агрессиясы шошытты. Менің видеоға түсіріп тұрғанымды көргенде ол басқаша сөйлей бастады. Байқап жүріңіздер», - дейді видеодағы қыз.
Абай облысының полиция департаменті бұл фактіге қатысты тергеуді бастаған.
«Анықталғандай, 2026 жылғы 25 қаңтар күні сағат 03:21 шамасында Семей қаласындағы Қарағайлы ықшам ауданында орналасқан үйлердің бірінің подъезі маңында екі азаматша арасында ауызша жанжал шыққан. Жанжал барысында 24 жастағы бойжеткен бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталып, түсініктеме алынды. Аталған дерек бойынша 24 жастағы азаматшаға қатысты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік іс қозғалды», - делінген хабарламада.
Желіде Қарағайлы ауданының тұрғындары қыздың түнде пәтерлерді аңдып, қабаттарды аралайтынын айтып, пікір жазып жатыр. Олар бұл қызға қатысты басқа да видеоларды жариялаған. Олардың айтуынша, қыздың анасы оның білімді, шетелде оқығанын айтып, ешбір ауытқу көрмегенін жеткізген. Оқырмандар қоғамның үрейін ұшырған адамды психикалық ауруханаға көрсету керегін айтып отыр.