Мобильді аударымдар қатаң бақылауда: күмән тудыратын операциялар қалай анықталады?
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов қандай жағдайлар салықшылардың назарын аударатынын түсіндірді
Қазақстанда азаматтардың мобильді аударымдарына қатысты бақылау күшейтіліп келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов көпшілікті алаңдатқан сауалға жауап беріп, қандай аударымдар күмән тудыруы мүмкін екенін ашық айтты.
Оның сөзінше, егер бір адамның шотына үш айдың ішінде 100-ге жуық түрлі адамнан ақша түссе, бұл жағдай тиісті органдардың назарын аударады.
«Той немесе туған күн деген сылтаумен ай сайын әртүрлі адамдардан ақша түсе беруі қисынға келе бермейді. Әріптестер арасында белгілі бір мақсатпен жиналған қаржы болса – ол түсінікті. Қандай да бір қажетіне деп ақша жинаса, оны да көріп отырамыз», – деді Ержан Біржанов.
Алайда мәселе тауар немесе қызмет сату белгілері байқалған кезде туындайды. Вице-министрдің айтуынша, егер бір адамның есепшотына әртүрлі тұлғалардан әрқилы сомада тұрақты түрде қаражат түссе, бұл жасырын кәсіпкерлік қызметтің белгісі болуы мүмкін.
«Мұндай операциялар да назардан тыс қалмайды. Біз бәрін сараптап, талдаймыз», – деп нақтылады ол.
Сонымен қатар, Ержан Біржанов салық органдары күмәнді деректер анықталған жағдайда бірден айыппұл салуға асықпайтынын айтты.
«Алдымен азаматқа хабарлама жіберіледі. Түсіндіру сұраймыз: не себепті шотыңызға үнемі түрлі адамдардан ақша түсіп тұрады? Яғни, алдымен диалог орнатамыз», – деді вице-министр.