Павлодарда әйел мен баланың үстіне мұз лақтырған күдіктінің кім екені анықталды

Полицияның мәліметінше, әйелдің басына мұз кесегі абайсызда балконнан мұз сындырмақ болған 12 жастағы қыздың қолынан түсіп кеткен

Павлодарда әйел мен баланың үстіне мұз лақтырған күдіктінің кім екені анықталды
видеодан скриншот

Павлодарда көпқабатты үйден құлаған мұз кесегінен басынан ауыр жарақат алған 25 жастағы әйелге қатысты оқиғаның мән-жайы анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға абайсызда 12 жастағы қыз бала себеп болған.

«Кәмелетке толмаған қыздың айтуынша, ол балконда тұрған кезде мұзды сындыруға әрекет жасаған. Сол сәтте мұз кесегі қолынан байқаусызда сырғып кетіп, төменге құлап, сол маңнан өтіп бара жатқан әйелге тиген», – деп мәлімдеді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицияның мәліметінше, оқиғадан кейін қыз қорқып кеткендіктен, болған жағдайды ересектерге де, ата-анасына да айтпаған.

Баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қыздың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полицияда ата-анасы болған жағдайды толық мойындап, өкініш білдіргенін мәлімдеді.

Еске салайық, Павлодарда тұрғын үйдің жоғарғы қабатынан тасталған мұз кесегі әйелдің басына түсіп, ол ауыр жарақат алған болатын. Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.