$ 501.79  595.07  6.56
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда адам бостандығына қатысты заңдардың кері күшіне тыйым салу ұсынылды

Бұл туралы Конституциялық комиссияның екінші отырысында белгілі болды 

Қазақстанда адам бостандығына қатысты заңдардың кері күшіне тыйым салу ұсынылды
Фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Снежанна Имашева Конституцияға енгізілетін өзгертулердің мәнін түсіндіріп, нақты қандай баптарға өзгеріс енгізу қарастырылғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Келесі қарастырылып отырған бап мемлекеттік билікті үш тармаққа бөлу қағидатын бекітеді. Аталған норманың редакциясы нақтыланып, мәтіні өзгертілгенімен, оның бастапқы мәні толық сақталған. Керісінше, жаңа редакция қағидатты құқықтық тұрғыда анағұрлым дәл және түсінікті етіп көрсетті. Атап айтқанда, билікті бөлу қағидаты тікелей көрсетіліп қана қоймай, атқарушы, заң шығарушы және сот билігінің Конституция мен заңдар аясындағы өзара іс-қимылы арнайы атап өтіледі. Бұл тәсіл классикалық конституциялық-құқықтық түсінікке толық сәйкес келеді», - деді Имашева.

Депутат атағандай, ұғымдардың қайталануы жойылып, норманың құқықтық қолданудағы анықтығы мен тиімділігі артты. Нәтижесінде, баптың мазмұны қарапайым әрі түсінікті бола түсті.

«Конституцияның 4-бабының 1, 2, 3 және 4-тармақтарына енгізілген өзгерістер де қолданыстағы нормалардың редакциясын жақсартуға бағытталған. Бұл түзетулер құқықтық реттеуді нақтылап, Конституция мәтінінің сапасын арттырады. Сонымен қатар, аталған бап жаңа тармақпен толықтырылды. Бұл ұсыныс Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың бастамасымен енгізілген. Жаңа тармақта адамның негізгі құқықтары мен бостандықтары туралы бөлімде заңдардың кері күшіне тыйым салу қағидатын бекіту көзделген. Атап айтқанда, жаңа міндеттер мен жауапкершілік жүктейтін заңдардың кері күші болмауы тиіс деген норма енгізіледі», - деді ол.

Депутат атағандай, бұл түзету ерекше маңызды, өйткені ол құқықтық мемлекеттің әмбебап стандарты болып саналады.

«Аталған қағидаттың бастауы ежелгі рим құқығына барып тіреледі. Рим заңында кеңінен танылған lex retro non agit формуласы, яғни, тұлғаның жағдайын нашарлататын заң кері күшке ие болмайды деген ұстаным бүгінгі заманғы конституциялық құқықта да өзектілігін жоғалтқан жоқ.Бұл норма тар аяда қолданылатын ереже емес, керісінше, заманауи құқықтық мемлекеттің іргелі қағидаты ретінде танылады», - деді Снежанна Имашева.