$ 503.35  590.63  6.62
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Өскеменде 36 көпқабатты үй апатты деп танылды

1938–1950 жылдары салынған ескі үйлер сүрілуі мүмкін

Өскеменде 36 көпқабатты үй апатты деп танылды
Фото: freepik.com

Өскемен қаласында 36 көпқабатты тұрғын үй апатты жағдайда тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің мәліметінше, бүгінде шаһарда 1825 көпқабатты тұрғын үй бар. Олардың дені кеңес кезеңінде салынған панельді және кірпіш үйлер. Уақыт сынынан өткен бұл ғимараттардың бірқатары бүгінде тұрғындар үшін қауіп төндіріп отыр.

Ресми дерекке сүйенсек, қазіргі таңда 10 үй тозығы жеткен деп танылған. Аталған нысандарға күрделі жөндеу жүргізу қажет. Ал 36 көпқабатты үй апатты жағдайда деп танылып, оларды толықтай сүріп, тұрғындарды көшіру мәселесі күн тәртібіне шыққан. Бұл үйлердің басым бөлігі 1938–1950 жылдар аралығында салынған.

Қала билігі апатты тұрғын үй мәселесін жүйелі түрде шешуді көздеп отыр. Осы мақсатта Өскемен қаласының тұрғын үй қорын жаңғыртуға арналған 2024–2029 жылдарға арналған реновация бағдарламасы әзірленіп, 2024 жылғы 4 мамырда қала әкімінің қаулысымен бекітілген.

«Бағдарлама аясында апатты үйлердің меншік иелерін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Алайда бұл мәселе бюджеттен бөлінетін қаражатқа тікелей байланысты», – деді қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Айбек Салбанов.

Мамандардың айтуынша, реновация бағдарламасы іске асқан жағдайда, қала келбеті жаңарып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасы мен қауіпсіздігі де айтарлықтай жақсарады.