Ел аумағында боран күшейіп, ондаған тас жолда қозғалыс шектелді
Ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар ондаған автожол жабылды
Еліміздің бірнеше өңірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар автожолдарда қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, 24 қаңтар күні сағат 21:00-ден бастап боран, қатты жел және көрінудің нашарлауына байланысты жолаушылар тасымалдайтын рейстік автобустар мен дизель отынымен жүретін автокөліктер үшін бірқатар бағыттар жабылды.
Ең көп шектеу Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді. Атап айтқанда, Астана – Көкшетау – Петропавл – Ресей Федерациясы шекарасы бағытының бірнеше учаскесі, Көкшетау – Рузаевка, Қостанай – Мамлютка, Петропавл – РФ шекарасы, сондай-ақ облысішілік маңызы бар бірқатар жолдарда қозғалыс тоқтатылды. Жалпы алғанда, өңірде ондаған жол учаскесінде көлік қозғалысына тыйым салынды.
Қостанай облысында да жағдай күрделі. Астана – Қостанай – РФ шекарасы бағытындағы негізгі автожолдың бірнеше бөлігінде, сондай-ақ Мамлютка – Қостанай және Қостанай – Әулиекөл – Сұрған бағыттарында қозғалыс шектелді. Қостанай қаласынан Қарабалық кентіне дейінгі жолды 2026 жылғы 25 қаңтар күні сағат 10:00-де ашу жоспарланып отыр.
Ақмола облысында Көкшетау мен Солтүстік Қазақстан облысының шекарасы аралығындағы жолдар, сондай-ақ Жезқазған – Арқалық – Петропавл бағытының бірқатар учаскелері жабылды. Бұл өңірде де жолдарды қайта ашу 25 қаңтар сағат 10:00-ге жоспарланған.
«ҚазАвтоЖол» жүргізушілер мен жолаушыларды алыс жолға шықпауға, ауа райы тұрақталғанға дейін қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Қосымша және жедел ақпаратты тәулік бойы 1403 байланыс орталығы арқылы алуға болады.