Президент Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойды
Жаңа орган Конституцияны жаңғыртуға ұсыныстар әзірлейді
Мемлекет басшысы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жарлық мемлекеттік заңнаманы жетілдіру, Конституцияны терең әрі кешенді талдау және маңызды реформаларды іске асыру аясында Конституциялық комиссияның құзіреттері мен функцияларын айқындайды. Комиссия Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеп, қоғамдық пікірді зерттеумен айналысады. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерін кеңінен тарта отырып, ашық диалог алаңын қалыптастыруды көздейді. Осылайша, елімізде конституциялық реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыратын институционалдық тетік пайда болады.
Жаңа орган Мемлекет басшысының жанынан жұмыс істейді және Конституцияны жаңғыртуға қатысты нақты ұсыныстар дайындайды.
Комиссия төрағалығына Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова тағайындалды. Оның орынбасарлары ретінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бекітілді.
Ал хатшылық міндет Президент әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімін басқаратын Айдар Жарылғановқа жүктелді.