Солтүстікте аяз күшейді: үш аптада 16 адам үсік шалып, жансақтау бөліміне түсті
Аязда мас күйде далада жүргендер жансақтау бөліміне түсті
Солтүстік Қазақстан облысында соңғы үш аптада 16 тұрғын үсік шалу белгілерімен ауруханаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Петропавл қалалық көпсалалы жедел медициналық көмек ауруханасына жыл басынан бері 1134 адам қаралған. Оның 900-ден астамы қала тұрғыны. Олардың көбі тұрмыстық жағдайда қол-аяғын сындырып, күйік алып немесе басқа да жарақаттармен дәрігер көмегіне жүгінген. Ал ауылдан келген науқастардың басым бөлігі көшеде тайып құлап, түрлі жарақат алған.
Соңғы күндері аяздың күшеюіне байланысты үсік шалу дерегі көбейіп, үш аптада16 адам ауруханаға түскен. Қазір он науқас стационарда ем қабылдап жатыр. Кейбірінің жағдайы ауыр болғандықтан, жансақтау бөліміне жатқызылған.
Мәселен, 61 жастағы ер адам аязды күні мас күйінде далада қалып, жедел жәрдем арқылы ауруханаға жеткізілген. Тексеру барысында оның екі аяғының табаны үсіп кеткені анықталды.
Тағы бір 56 жастағы науқас та алкоголь ішкеннен кейін қатты тоңып, жансақтау бөліміне түскен. Оның саусақтары үсіп, дәрігерлер IV дәрежелі үсік шалу диагнозын қойды. Қазір науқастың жағдайы ауыр, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Дәрігерлер тұрғындарды қатты аязда абай болуға шақырады. Әсіресе, ішімдіктен бас тартып, суықта ұзақ жүрмеуге кеңес береді.
Қазір өңірде күн қайта суытты. Бүгін түнде ауа температурасы -35 градусқа дейін төмендегендіктен, қоғамдық және дизельмен жүретін көліктердің қозғалысына уақытша шектеу қойылды.