$ 506.7  593.14  6.53
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Маңғыстауда «AMANAT» жастары ақ халатты абзал жандарға қолдау көрсетті

«Жастар Рухы» мен «Ассамблея жастары» медицина қызметкерлеріне тәтті сый жасады

Маңғыстауда «AMANAT» жастары ақ халатты абзал жандарға қолдау көрсетті
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Маңғыстау облысында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты мен «Ассамблея жастары» ұйымының еріктілері медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетіп, арнайы акция ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Соңғы күндері ауа райының күрт салқындауына байланысты ауруханаға түсетін науқастар саны артқан. Осыған орай күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға алғыс білдіру мақсатында еріктілер кондитерлік өнімдер таратып, жылы лебіздерін жеткізді.

Акция барысында жастар аурухана ұжымына шынайы ризашылықтарын айтып, қажырлы еңбектеріне құрмет көрсетті. Олар өз қолдарымен әзірлеген он түрлі тәтті тортты медицина қызметкерлеріне тарту етіп, мерейін үстем етті.

«Ерікті болу үшін міндетті түрде бос уақыт пен қаражаттың болуы міндет емес. Бастысы – шынайы ниет пен жанашыр жүрек. Бүгінгі акцияға қатысқан жастар өз қолдарымен он түрлі тәтті торт пісіріп, медицина қызметкерлеріне тарту етті. Жұмыс көлемі артқанымен, маңғыстаулық дәрігерлер өз міндеттерін жоғары жауапкершілікпен атқарып келеді. Бұл – нағыз құрметке лайық еңбек», – деді «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Абзал Марат.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялаған. Бұл бастама елімізде волонтерлік мәдениетті дамытуға серпін беріп отыр. Қазіргі таңда маңғыстаулық жастар да қоғамдық бастамаларға белсене араласып, ізгі істерге үлес қосып келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мейірім мен жанашырлықты дәріптейтін мұндай қайырымдылық акциялары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.