$ 506.7  593.14  6.53
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Атырау» футбол клубы жекешелендіріледі: ақпанда сатылымға шығады

Футбол клубының жаңа қожайыны тендер арқылы таңдалады

«Атырау» футбол клубы жекешелендіріледі: ақпанда сатылымға шығады
Фото: freepik.com

«Атырау» футбол клубы жекенің меншігіне өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов баспасөз брифингінде мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта клубтың нарықтық құнын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бағалау ісімен мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының тапсырысы негізінде тәуелсіз компания айналысуда. Сарапшылар команданың материалдық-техникалық базасы мен спорттық көрсеткіштерін ескере отырып, нақты бағаны шығарады.

Нұрбол Сыдықовтың айтуынша, клубтың құны белгілі болған соң ресми тендер жарияланып, ақпан айында ашық сауда-саттық өтеді. Оның нәтижесінде «Атырау» ФК-ның жаңа қожайыны анықталмақ.

«Жекешелендіру бойынша арнайы тапсырма бар. Соған сәйкес жұмысты бастап кеттік. Елімізде бұған дейін де жеке меншікке өткен клубтар бар, олар өз жұмысын жүргізіп келеді. «Атырау» футбол клубын сату туралы шешім қабылданды. Әлеуметтік желіде түрлі болжам айтылып жатыр, бірақ дәл қазір клубты пәленше сатып алады деп кесіп айтуға болмайды. Барлығы заң аясында, ашық тендер арқылы шешіледі. Әкімдік тарапынан әлеуетті сатып алушыға қойылатын нақты талаптар болады. Қазірдің өзінде бірқатар кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп жатырмыз», – деді басқарма басшысы.

Енді әкімдік өкілдері жекешелендіру арқылы клубтың дамуына жаңа серпін беріп, қаржылық тұрақтылық пен кәсіби басқаруға жол ашуды көздеп отыр.

«Атырау» футбол клубы 2017-2025 жылдар аралығында сенімгерлік басқаруда болған.