Асхат Аймағамбетов мектеп директорларын тағайындау тәртібіне қатысты пікір білдірді
Ол құзырлы министрліктің шешіміне баға бере алмайтынын айтты
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов мектеп директорларын тағайындау, аттестация және ротация тетіктері жөнінде өз ұстанымын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Асхат Аймағамбетов үкіметте қызмет атқарған уақытта мектеп директорларын тағайындауға қатысты арнайы бұйрық шыққанын атап өтті.
«Үкіметте жұмыс істеген кезде арнайы бұйрық қабылданып, мектеп директорларын бес жыл мерзімге тағайындау туралы шешім шықты. Директорлар бес жылға тағайындалады және бұл қызметке екі рет тағайындалу мүмкіндігі болды», – деді депутат.
Депутаттың сөзінше, аттестациялау тәртібі азаматтық қызметкерлерге ортақ талаптарға сәйкес жүргізілген.
«Аттестация үш жылда бір рет өтеді. Оның нәтижесі бойынша бірінші, екінші немесе үшінші деңгей анықталып, соған сәйкес үстемақы белгіленеді және ай сайынғы жалақы төленеді», – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар сол кезеңде мектеп директорларына қатысты ротация тетігі енгізілген.
«Жеті жыл қызмет атқарғаннан кейін, егер сол аудан немесе қала аумағында тиісті бос орын болса, директор ротацияға жіберілуі мүмкін еді. Бұл басқарушы кадрлардың бір орында ұзақ уақыт қалып қоймауына бағытталған шешім болды», – деді ол.
Асхат Аймағамбетов қазіргі таңда Оқу-ағарту министрлігі мектеп директорларын тағайындау мәселесінде өзге шешімдер қабылдап жатқанын атап өтті. Алайда ол бұл шешімдерге баға беруге асықпайтынын жеткізді.
«Министрліктің өз зерттеулері мен дәлелдері бар шығар. Мен бұл мәселе бойынша толық ақпарат алған жоқпын. Сондықтан қазіргі шешімді дұрыс немесе бұрыс деп бағалау этикаға сай емес деп есептеймін», – деді депутат.
Депутаттың пікірінше, басты мәселе директордың қызмет ету мерзімінде емес, мектеп басқаруының тиімділігінде.
«Бұл тақырып бойынша әлемдік тәжірибеде әртүрлі модельдер бар. Ғылыми дерекқорларды, соның ішінде Google Scholar, Elsevier секілді базаларды қарасаңыз, мектеп директорларын тағайындаудың бірнеше үлгісі бар екенін көресіз. Біз сол кезде ғылыми зерттеулерді де, еліміздің құндылықтары мен басқару мәдениетін де ескере отырып шешім қабылдадық», – деді ол.
Сөз соңында Асхат Аймағамбетов негізгі назар оқушының сапалы білім алуына бағытталуы тиіс екенін айтты.
«Ең маңыздысы – мұғалім директорға ұнай ма, ұнамай ма деген мәселе емес. Негізгі мақсат – баланың сапалы білім алуы. Ол үшін мектепте мықты білім беру бағдарламалары, тәрбие жұмысы мен басқару жүйесі тиісті деңгейде болуы керек. Бізге қандай модель осы мақсатқа жеткізеді – басты сұрақ осы. Осыған дұрыс жауап берсек, қай модельдің тиімді екенін де анықтай аламыз. Біз кезінде дәл осы ұстанымдарға сүйеніп шешім қабылдағанбыз», – деп қорытындылады депутат.