Үкімет әуе керосиннің бағасын 100 долларға төмендетпек - енді ұшақтың билеті арзандай ма
Қазір оның бағасы 980 долларға тең
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында әуе керосиннің бағасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстанда әуе керосин бағасы мәселесі соңғы уақытта ерекше өзектілікке ие болып отыр. Мамандардың айтуынша, бір ұшу рейсінің жалпы шығынында жанармай үлесі шамамен 40 пайызды құрайды. Сондықтан әуе отынының құны авиация саласының бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді»,- дейді министр.
Оның айтуынша, Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін тиімді монетизациялау үшін ірі әуежайларда әуе керосиннің бағасын барынша төмен деңгейде ұстауы қажет.
«Әлемдегі жетекші авиациялық хаб-аэропорттарда әуе отынының орташа бағасы 600–700 доллар, кей жағдайларда 1 200–1 300 доллар шамасында қалыптасқан. Осыған байланысты үкіметке әуе керосин бағасын мейлінше төмендету жөнінде нақты тапсырма берілген. Энергетика министрлігі айқындаған бүгінгі мақсатты (таргет) баға – 890 доллар. Қазіргі уақытта Қазақстанда авиакеросиннің бағасы шамамен 980 доллар деңгейіне жетті. Келесі кезеңде бағаны тағы 100 долларға төмендету жоспарланып отыр»,- деді ол.
Осылайша, авиакеросин бағасы кезең-кезеңімен азайды дейді министр. Авиакеросин құнының арзандауы бірқатар маңызды нәтижеге алып келеді:
- әуе билеттерінің бағасы төмендейді;
- жүк тасымалының құны азаяды;
- Қазақстан нарығына жаңа авиакомпаниялар тартуға мүмкіндік туады;
- авиация саласының дамуы арқылы ұлттық экономиканың өсуіне серпін беріледі.