$ 509.75  594.67  6.46
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Базарда сатылатын сувенир сияқты»: депутат «Ұлт ұстазы» атағы 20-100 мың теңгеге саудаланатынын айтты

Ол атақ таратқыш ұйымдардың жұмысына шүйлікті

«Базарда сатылатын сувенир сияқты»: депутат «Ұлт ұстазы» атағы 20-100 мың теңгеге саудаланатынын айтты
Фото: Facebook/Мақсат Толықбай

Атағы жоқ, медаль алмаған кім қалды? Айтайын дегенім, атаққұмарлық кәдімгі дертке айналып барады. Марапат пен атақ – базарда сатылатын сувинер сияқты. Атақ сататын аты белгісіз қоғамдық ұйымдар медаль, ордендерді шүлен таратқандай оңды-солды үлестіріп жүр. Бұған өзі тоқтам бар ма? Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай аталған мәселе бойынша, премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат сөз сөзінде аталған мәселін осыған дейін біраз депутат көтергенін, ол бойынша арнайы заң, норма да қабылданғанын, алайда бұл үрдіс керісінше үдеп бара жатқанын ерекше қозғап өтті.

«Мәселен, «Қазақстанның құрметті азаматы» төсбелгісі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» медалі және «Ұлт ұстазы» дейтін атақтар кейбір деректерге қарағанда, ашық не жасырын түрде 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі аралықта бағаланады екен. Пысықай ұйымдар кәдімгі зәулім  ғимараттарды жалға алып, ақшасы бар кәсіпкерден бастап мұғалімге дейін қызыл кілем төсеп, сахнаға салтанатты түрде тұрып марапаттайды. Өздері мәз. Шын мәнінде не атақ алып жатқанын өздері де білмейді.

Әлеуметтік желілерде жарыса жариялап, қызуы басылғанша тойлаумен әлек. Мәселе – біреудің марапат алғанында емес. Мәселе – марапаттың қандай жолмен, қандай негізде беріліп жатқанында. Құн қалмады. Пысықайлар үшін бұл бизнес қана. Тіпті, «Ғасыр ұстазы», «Алаш ұстазы» дейтін атақтар шығыпты. Тек ақшасын төлесең болды, медаль да, орден де, куәлік те, қысқасы, дайын «шоу-пакетке» бірден ие боласың», – дейді депутат.

Ол сөз арасында көптеген дамыған елдерде мемлекеттік марапаттар заңмен қорғалатын институт екенін, атақтар мен наградалардың критерийі нақты белгіленіп, рәсімделуі ашық түрде жүзеге асатынын, тиісінше, бұл жүйе награданың беделін сақтауға, заңсыз саудаға жол бермеуге, қоғамда әділдік пен моральдық тәртіпті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін қозғап өтті.

«Ал біздің елде ше? Қалтасында қаржысы немесе танысы бар кез келген адам қоғамдық ұйым ашып алып, атақ таратумен айналыса алады.

Ең қауіптісі – бұл «марапат бизнесінің» ең алдымен мектептерге енуі. Бүгінде ұстаздың кәсіби деңгейі нақты нәтиже мен білім сапасымен емес, алғыс хат пен медаль саны арқылы өлшенетіндей жағдайға жеттік. Соның салдарынан мұғалімдер оқушыға білім беруде емес, марапат жинауда бір-бірімен жарыса бастады.

Бұл – білім жүйесінің іргетасын шайқалтатын аса қауіпті құбылыс. Қаптаған атақ таратқыш ұйымдардың кесірінен біз атақ пен марапатты тойға апаратын жай сыйлық деңгейіне дейін арзандатып алдық», – дейді Мақсат Толықбай.

Сөзін жалғай отырып, осыған байланысты мынадай мәселелер бойынша Үкіметке нақты ұсыныстар жолдап өтті:

  • 2025 жылғы маусымда қабылданған заңнамалық өзгерістердің толық әрі тиімді іске асуын қамтамасыз ету, мемлекеттік наградалар туралы заң нормаларының орындалуына жүйелі бақылау орнату.
  • Қоғамдық марапаттарды заңсыз тарату фактілері бойынша әкімшілік және өзге де құқықтық шараларды жүйелі түрде қолдану, жауапты тұлғалардың әрекетіне нақты құқықтық баға беру.
  • Мемлекеттік және қоғамдық наградалардың бірыңғай тіркелімін енгізу, цифрлық бақылау мен қадағалау тетіктерін күшейту арқылы марапаттау институтының ашықтығы мен беделін қамтамасыз ету.

«Шындығы сол – мемлекеттік наградалармен шатастыратын қоғамдық атақтарды таратқандар өздерін кінәсіз сезінеді. Бұл заңның әлсіздігі емес, оның орындалмауының салдары. Менің ойымша, салмағы жоқ, жөн-жосықсыз сатылып жатқан атақ-марапаттарды тоқтатудың бір ғана жолы бар: сатқызбау, сатып алмау және жол бергендерді заң нормаларына сәйкес жауапқа тарту.

Осыны бүгін қолға алмасақ – ертең кеш болады!» – деп «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі ойын қорытындылады.

Серіктес жаңалықтары