$ 509.75  594.67  6.46
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Депутат дабыл қақты: жаңа буындағы Қытай көліктері жеке деректерге қауіп төндіруі мүмкін

Ол адамдардың жеке басына тиесілі ақпаратқа қауіп төндіруі мүмкін дейді

Депутат дабыл қақты: жаңа буындағы Қытай көліктері жеке деректерге қауіп төндіруі мүмкін
Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әбүтәліп Мүтәлі азаматтарды бақылауға алатын платформаларды заңмен реттеуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бүгінде елімізде техникалық құрылғылар нарығы іс жүзінде реттелмеген және бақылаусыз қалыптасқан. GPS трекерлері, GSM маяктары, мини-камералар, дауыс жазғыштар және онлайн платформалар арқылы лицензиясыз немесе сертификатсыз сатылатын электрондық құрылғылар нарықта қолжетімді. Осы құрылғылар арқылы ел азаматтарын заңсыз бақылауға алу мүмкіндігі бар. Бұл азаматтардың жеке өмірі мен отбасылық құпиясын қорғау құқығына қауіп төндіріп қана қоймай, жеке деректерді заңсыз жинау, бопсалау, қысым көрсету және корпоративтік тыңшылық сияқты тәуекелдерді арттырады», - дейді Әбүтәліп Мутәлі.

Ол атағандай, қазір банк картасы мен интернетке қолжетімділігі бар кез келген адам ақпаратты жасырын алу үшін техникалық құралды сатып ала алады.

«Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 399-бабы мұндай құрылғыны өндіруге, сатып алуға, сатуға және пайдалануға тыйым салғанымен, олардың жаппай айналымы кешенді құқықтық реттеуден тыс қалып отыр.Құқық қорғау органдары рейдтік жұмыстар барасында дауыс жазғышы бар қаламдар, тұрмыстық затқа жасырылған бейнекамералар, көзілдірік және флешка сияқты құрылғылардың сатылуын анықтады. Алматы, Теміртау және басқа да аймақтарда мини-камералар мен GSM жүйелері тәркіленді, кейбір сатушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алайда бұл шаралар жүйелі емес, тек жеке жағдайға қатысты. Нарық еш кедергісіз жұмысын жалғастырып, ауқымын кеңейтіп жатыр», - дейді Мүтәлі.

Депутат атағандай, ерекше алаңдаушылық тудыратын жайт сырттан қарағанда заңды, кең таралған әрі сәнге айналған жаңа буын құрылғының ақпаратты жасырын тіркеу мүмкіндігіне ие болуы.

«Бұл құрылғылардың қауіпін тек сыртқы белгісіне қарап бағалау қате. Шешуші рөл құрылғының пішіні емес, бағдарламалық қамтамасыз етілуі мен қолданылу тәсілімен анықталады. Сонымен қатар жаңа буындағы автомобильдер, соның ішінде аса үлкен сұранысқа ие Қытай автомобильдері шетелдік серверлер мен пайдаланушы аккаунттары арқылы жұмыс істейді. Бұл еліміздің азаматтарына қатысты деректердің, оның ішінде қозғалыс маршруттары мен пайдаланушылық ақпараттың, шетелдік юрисдикцияларда өңделуіне әкеледі. Қарапайым тілмен айтқанда, шетелдік компаниялар біздің азаматтарымыздың барлық қозғалысы мен басқа да әрекеттерін бақылап, талдай алады. Мұндай автомобильдердің функцияларының қашықтан шектелуі немесе ажыратылу фактілері бар», - дейді ол.

Депутаттың айтуынша, халықаралық тәжірибеде мұндай электроника «қатаң бақылауға алынған» санатқа жатады.

«Оған міндетті сертификаттау мен лицензиялау талабы қойылып, азаматтық мақсаттағы құрылғылар мен арнайы техниканың ара-жігі нақты ажыратылады. Бұл тәсіл азаматтардың жеке өміріне жасырын қол сұғылуынан қорғайды және теріс мақсатта пайдаланудың алдын алады. Қалыптасқан ахуал алаңдатпай қоймайды. Өйткені кез келген азамат жасырын бақылауға алынуы мүмкін. Алайда азаматтарды мұндай жағдайда қорғау механизмдері әлі толық жетілмеген», - дейді ол.

Депутет үкіметтен төмендегі талаптарды талап етті:

  • Азаматтардың жеке өмірі мен жеке және отбасылық құпияға конституциялық құқығын қорғауды қамтамасыз ету;
  • Жасырын бақылауға арналған құрылғыларды сатуды сертификаттау және лицензиялауды міндеттеу;
  • Ішкі істер министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Бас прокуратураның қатысуымен құрылғылар айналымын бақылау шарасын белгілеу;
  • Еліміздің аумағында сатылатын және пайдаланылатын жаңа буындағы автомобильдер бойынша пайдаланушы аккаунттары мен деректерді өңдеу серверлерін Қазақстан Республикасының аумағында орналастыруды және олардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесін қарастыруды;

«Осы құрылғылардың айналымын реттеу үшін кешенді құқықтық және бақылау тетігін әзірлеп, шұғыл түрде шара қабылдауды сұраймын», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары