Алматы облысында әскерде жүрген сарбаз Калашников автоматынан жарақат алды
Оқиғаға қатысты Ұлттық ұланның баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады
Алматы облысында мерзімді әскери борышын өтеп жүрген сарбаз Калашников автоматынан жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаға қатысты Ұлттық ұланның баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады.
«2026 жылғы 13 қаңтар күні сағат 15:05 шамасында жауынгерлік даярлық жоспары аясында 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен оқу полигонында оқу атыстары өткізілді. 2–2025 шақырылымындағы мерзімді әскери қызметші қатардағы Г. қауіпсіздік талаптарының бұзылуы салдарынан АК-74 атыс қаруымен өзін-өзі жарақаттап алды. Оқ оның сол жақ аяғының балтырын жанап өткен.
Оқиға орнында оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп, кейін шұғыл түрде Қонаев қалалық ауруханасына жеткізілді. Әскери қызметшінің жағдайы қанағаттанарлық, өмірлік маңызды ағзалары зақымданбаған», – делінген хабарламада.
Оқиғаның себептері мен мән-жайлары анықталуда. Аталған дерек бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр.