$ 509.84  595.75  6.47
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Абай мен Шығыс Қазақстан облыстарында қар құрсауында қалған жолдар жабылды

Боран мен көрінудің төмендеуіне байланысты бірнеше республикалық трассада қозғалыс тоқтатылды

Абай мен Шығыс Қазақстан облыстарында қар құрсауында қалған жолдар жабылды
Фото: pixabay.com

Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында ауа райының күрт нашарлауына байланысты бірқатар автожолда көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

«КАЖсервис» ЖШС мәліметінше, қалың қар мен боранға байланысты жолдағы көріну нашарлап, қауіпсіздік мақсатында бірнеше бағытта барлық көлік қозғалысы тоқтатылды.

Атап айтқанда, «Өскемен – Риддер – Ресей Федерациясының шекарасы» автожолының 15-105 шақырым аралығы, яғни Белоусовка кенті мен Риддер қаласының арасындағы учаске толық жабылды.

Сондай-ақ «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» республикалық трассасының бірнеше бөлігіне шектеу енгізілді. Бұл бағытта 1013-1062, 1104-1191 және 1194-1212 шақырым аралығында көлік қозғалысы шектелді. 

Қауіпсіздік шаралары «Өскемен – Семей» автожолына да қатысты. Герасимовка ауылы мен Абай облысының шекарасы арасындағы 10-103 шақырым бөлігінде барлық көлік түріне жүріп-тұруға тыйым салынды.

Бұдан бөлек, «Таскескен – Бақты – ҚХР шекарасы» жолының 0-187 шақырымы, яғни Алматы – Өскемен тасжолынан Таскескен ауылына бұрылыс пен Қытай шекарасына дейінгі аумақ толық жабылған.

Жол қызметі жүргізушілерді алыс жолға шықпауға, ал қажет болған жағдайда ауа райы болжамын алдын ала тексеруге шақырды. Қауіпсіздік ережелерін сақтамау жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін екенін ескертті.

Серіктес жаңалықтары