Астананың жолымен: Атырау оң мен сол жағалауға бөлінбек
Жайықтың екі жағалауы – екі аудан: билік мегаполис үлгісіне көшуге ниетті
Атырау қаласын екі әкімшілік ауданға бөлу мәселесі ресми түрде талқылана бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Қала билігі бұл бастаманы Атыраудың жаңартылып жатқан бас жоспарына енгізуді көздеп отыр. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев айтуынша, халық саны мен аумақтың кеңеюі басқару жүйесін түбегейлі қайта қарауды талап етіп отыр.
Ресми статистикаға сәйкес, қазір Атырауда 391 мыңнан астам адам тұрады. Ал қаланың қазіргі аумағы 45 мың гектарды құраса, жаңа бас жоспар бойынша бұл көрсеткіш 57 мың гектарға дейін ұлғаяды.
«Қазір облыс орталығының бас жоспарына өзгерістер енгізіп жатырмыз. Бұл құжатта 2040 жылға дейінгі даму бағыты айқындалады. Қаланы Жайықтың оң және сол жағалауы болып, екі ауданға бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Астана мен Алматыдағыдай басқару моделін енгізу жоспарда бар», — деді Қайрат Нұртаев.
Оның сөзінше, бір ғана қалалық әкімдікке бүкіл аумақты тиімді басқару барған сайын күрделене түсуде. Сондықтан әкімшілік бөлініс – қаланы басқаруды жеңілдетудің бір жолы ретінде ұсынылып отыр.
Жаңартылған бас жоспар аясында инфрақұрылымдық жобалар да қайта пысықталады. Атап айтқанда, Еркінқала мен Дамбы ауылдарын жалғайтын автомобиль көпірін салу, сондай-ақ Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті тұсынан Жайық өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу жоспарланып отыр.
«Қаланың ішінде санитарлық және экологиялық қорғау аймақтары бар. Бұрын шет аймақта орналасқан кейбір нысандар қазір қала аумағында қалып қойды. Қайсысын көшіреміз, қайсысын сақтаймыз деген өзекті сұрақтар туындап отыр. 2026 жылдың соңына дейін жоспарлау жұмыстарын аяқтап, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, бекітуді мақсат етіп отырмыз», — деді облыс әкімінің орынбасары.
Бас жоспарға көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, энергетика, құрылыс салаларындағы нақты жобалар мен кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыстар енгізіледі. Құжат дайын болған соң, қала тұрғындарына таныстырылып, қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылмақ. Соңғы шешімді мәслихат пен Үкімет қабылдайды.