Қазақстанда сиыр етін экспорттауға жаңа шектеулер енгізілді
Шектеулер ішкі нарықты қорғауға бағытталған
Қазақстанда сиыр етін экспорттауға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл шешімнің мәнін түсіндіріп, шектеулердің ішкі нарықты қорғауға және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Квота 2026 жылдың ортасына дейін енгізілді
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылғы 31 желтоқсаннан бастап ірі қара мал етін ЕАЭО елдеріне және үшінші мемлекеттерге экспорттауға квота жүйесі қолданылып жатыр.
Бұл талаптар 2026 жылғы 30 маусымға дейін әрекет етеді.
Жалпы экспорт көлемі 20 мың тоннамен шектелген.
Сиыр етін кім және қанша көлемде шығара алады
Экспорттық квота өзінің бордақылау алаңдары бар ет өңдеу кәсіпорындарына беріледі. Квота көлемі алаңның қуатына байланысты белгіленеді:
• 5 мың бас малдан – 1 000 тонна
• 10 мың бас малдан – 2 000 тонна
• 15 мың бас малдан – 3 000 тонна
• 20 мың бас малдан – 4 000 тонна
• 50 мың бас малдан – 10 000 тонна
Бұл талап толық өндірістік циклмен жұмыс істейтін кәсіпорындарды ынталандыруға бағытталған.
Мұндай шектеу неге қажет болды
Ауыл шаруашылығы министрлігі шектеудің басты себебін түсіндірді. Бұған дейін кейбір компаниялар мен шағын сою пункттері мал бордақыламай-ақ қайта сатып, экспортқа шығарып келген.
Бұл жағдай делдалдардың көбеюіне, алыпсатарлыққа және ішкі нарықта ет бағасының өсуіне әкелген.
Жаңа квота тетігі делдалдарды айналып өтіп, нақты өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді, деп атап өтті ведомство.
Экспорт ашық әрі бақыланатын болады
Министрліктің айтуынша, квоталарды бөлу мен көлемін анықтау мемлекеттік органдардың құзырында. Нарықтағы жағдайға қарай ережелерге өзгеріс енгізілуі мүмкін.
Бұл шаралар қазақстандық мал шаруашылығын нығайтып, сапалы сиыр етін ішкі нарықта қолжетімді етуге ықпал етеді.