$ 512.83  600.58  6.36
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Азық-түлікті қымбаттатқандарға 55 млн теңге айыппұл салынды

Сауда комитеті 2025 жылғы нәтижені де жариялады

Азық-түлікті қымбаттатқандарға 55 млн теңге айыппұл салынды
Фото: © freepik.com

Жыл басынан бері Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына бақылау күшейтілді. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, мониторинг нәтижесінде бағаны негізсіз көтерген кәсіпкерлерге 55 миллион теңгеден астам айыппұл салынған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бағаға бақылау күн сайын жүргізіліп жатыр

Министрлік өкілдерінің айтуынша, тексерулер күн сайын, демалыс күндерін қоса алғанда өткізіледі. Оған орталық және жергілікті мемлекеттік органдар қатысып отыр. Негізгі мақсат – бағаның күрт өсуіне жол бермеу және заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтау.

600-ден астам сауда нысаны тексерілді

1 қаңтардан бері елдің барлық өңірінде 600-ден астам сауда нысаны қамтылған. Олардың қатарында ірі сауда желілері де, шағын дүкендер де бар.

Бақылау барысында бағалар, тауарлардың қолжетімділігі және қоймадағы қор көлемі назарға алынған.

Мониторингке әкімдіктер, салалық басқармалар және бизнес өкілдері де тартылған.

Министр мен әкімдер сауда орындарын аралады

1 қаңтарда сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елордадағы ірі сауда желілерін жеке өзі аралап, негізгі азық-түлік бағасының шекті үстемелерге сәйкестігін тексерді.

Ұлытау облысында облыс әкімі Дастан Рыспеков бастаған топ «Самади» гипермаркетінде ұн, нан, сүт, қант, күріш, күнбағыс майы сияқты негізгі өнімдердің бағасын бақылаған.

Қызылорда облысында мониторинг 31 желтоқсан мен 1 қаңтарда жүргізілді.

Батыс Қазақстан облысында Орал қаласындағы тексеруге облыс әкімінің орынбасары қатысты.

Солтүстік Қазақстан облысында Петропавлдағы сауда нүктелеріндегі бағаны өңір басшысы өзі тексерді.

СҚО-да үш айлық қор бар

СҚО әкімі Гауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, өңірде бағаны тұрақтандыру үшін арнайы қор іске қосылған.

2025 жылы қорға 2,9 млрд теңге бөлініп, 13 мың тоннаға жуық өнім сатып алынған. Қазір қорда шамамен 12 мың тонна азық-түлік бар, бұл халықтың үш айлық сұранысының бір бөлігін жабуға мүмкіндік береді.

2025 жылдың қорытындысы

Сауда комитеті 2025 жылғы нәтижені де жариялады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті үстемені асырғаны үшін 2 796 әкімшілік қаулы шығарылған. Оның 1 625-і айыппұл, жалпы сомасы 55,7 млн теңгеден асқан.

Серіктес жаңалықтары