$ 508.91  594.36  6.33
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ұлыбритания балалар үшін фастфудтың жарнамасына толық тыйым салды

Мұндай өнімдер тек кешкі сағат 21:00-ден кейін ғана жарнамалана алады

Ұлыбритания балалар үшін фастфудтың жарнамасына толық тыйым салды
Фото: Freepik.com

Ұлыбританияда балаларға зиянды тағамдарды жарнамалауға тыйым салатын заң күшіне енді. Енді интернетте мұндай жарнамаға толық тыйым салынып, ал теледидарда тек кешкі 21:00-ден кейін ғана көрсетуге рұқсат етіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлыбритания үкіметінің 5 қаңтарда жарияланған ресми хабарламасына сенсек, бұл шаралар биліктің «балаларды тарихтағы ең салауатты ұрпақ етіп өсіруге көмектесу» жөніндегі уәдесінің бір бөлігі. 

Жаңа талаптарға сәйкес, құрамында қант, май және тұз мөлшері жоғары «денсаулыққа зиян тағамдар» жарнамасын интернетте көрсетуге мүлде болмайды. Ал британдық телеарналарда мұндай өнімдер тек кешкі сағат 21:00-ден кейін ғана жарнамалана алады.

The Guardian басылымының мәліметінше, шектеулер қант, май және тұзға бай 13 санаттағы өнімге қатысты. Олардың қатарында қант қосылған сусындар (соның ішінде кейбір йогурттар), чипсы, попкорн, шоколад, сағыз, балмұздақ, тәтті тоқаштар, пицца және мұздатылған дайын тағамдар бар.

Сонымен қатар, өндірушілерге балалар көретін уақытта өз брендін жарнамалауға рұқсат етіледі, бірақ жарнамада нақты зиянды өнім көрсетілмеуі тиіс. БАҚ мәліметінше, көп британдық компаниялар бұл талаптарды алдын ала орындауға кіріскен.

Ұлыбритания үкіметі балалар арасындағы семіздік деңгейіне қатысты алаңдатарлық статистиканы да келтірді. Мәселен, бастауыш мектепке барған кезде балалардың 22,1 пайызы артық салмаққа немесе семіздікке шалдыққан болса, мектепті бітірер шақта бұл көрсеткіш 35,8 пайызға дейін өседі.

Билік зерттеулерге сүйене отырып, жарнаманың балалардың не және қашан тамақтанатынына тікелей әсер ететінін, ерте жастан тағамға деген әдет қалыптастырып, семіздік пен оған байланысты аурулар қаупін арттыратынын атап өтті. Үкіметтің болжамынша, жаңа ережелер балалардың жыл сайын тұтынатын калориясын 7,2 млрд-қа азайтып, семіздікке шалдыққан балалар санын 20 мыңға қысқартуға мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары