Павлодар әуежайы қайтарылған активтер есебінен жаңартылады
Жобаға 9,3 млрд теңге бөлінді
Павлодар әуежайын қайта жаңғырту жұмыстары мемлекетке қайтарылған активтерден құралған арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен қаржыландырылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. .
Жобаға 9,3 млрд теңге бөлінді
Ресми ақпаратқа сәйкес, әуежайды реконструкциялауға 9,3 млрд теңге бағытталған. Қаржы Үкімет шешімімен арнайы мемлекеттік қордан бөлінген.
Жоба мемлекет басшысының тапсырмалары мен Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы аясында іске асырылып отыр.
Ұшу-қону жолағы мен перрон толық жаңартылады
Реконструкция аясында әуежайдың негізгі инфрақұрылым нысандары жаңғыртылады. Атап айтқанда:
• ұшу-қону жолағын қайта салу және кеңейту;
• рулеж жолдары мен перрон жабынын жаңарту;
• энергиямен жабдықтау жүйесін модернизациялау;
• жаңа жарық-сигналдық жабдық орнату;
• бейнебақылау жүйесін енгізу.
Жаңғырту нәтижесінде Павлодар әуежайы заманауи әуе кемелерін ұшу салмағына шектеусіз қабылдай алатын болады.
Халықаралық ICAO стандарттарына сәйкестік
Жобаның басты мақсаты – әуежай параметрлерін халықаралық ICAO талаптарына сәйкестендіру. Бұл өңірдің транзиттік мүмкіндігін арттырып, көлік қолжетімділігін жақсартуға, сондай-ақ жолаушылар ағыны мен іскерлік белсенділіктің өсуіне серпін береді.
Әуежай жұмысы уақытша тоқтатылды
Қауіпсіздік талаптарын сақтау және құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне байланысты Павлодар әуежайының қызметі уақытша тоқтатылған. Бұған дейін әуе айлағы Астана мен Алматы бағыттары бойынша тұрақты рейстерге қызмет көрсеткен.