Ерлан Қарин «Дала Қырандарының» Астанадағы штабында жастармен еркін кездесу өткізді
Осы жастардың ұсынысымен 2026-2028 жылға арналған синтетикалық есірткіге қарсы кешенді жоспар әзірленді
Бүгін, 2026 жылдың 4 қаңтарында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің штабына барып, жастармен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу кезінде Қарин «Дала Қырандарының» аймақтардағы жұмысы, соның ішінде, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен басталған «Заң мен Тәртіп» қағидасы аясындағы бастамаларының нәтижелеріне тоқталды.
Ең алдымен Мемлекеттік кеңесші «Дала Қырандарының» былтыр атқарған бірнеше нәтижелі бастамаларын ерекше атап өтті. Оның ішінде, суррогат алкогольді өнімдерге қарсы күрес болған. Бұл мәселені «Дала Қырандары» Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Нартай Аралбайұлына жеткізіп, ол суррогат алкогольді өнімдердің заңсыз айналымы мен оның ауыр салдардары туралы депутаттық сауал жолдаған.

Бұдан өзге, Қарин атап өткендей, «Дала Қырандары» жастар ұйымының белгілі бір ортада ғана емес, үкімет пен парламент деңгейінде шешілетін проблемаларға үлкен үлес қосқанын айтты.
«Синтетикалық есірткіге қарсы 2023-2025 жылға дейінгі қызмет еткен кешенді жоспардың құрамы 77 тармақтан тұрса, қазір дайындалған кешенді жоспардың құрамы 106 тармақтан тұрды. Осы кешенді жоспарды әзірлеуге «Дала Қырандарының» қосқан үлесі зор. Кешенді жоспардың жұмысы бірнеше айға жалғасты. Ішкі істер министрлігінің жұмысына «Дала Қырандарының» практикалық қосымша ұсыныстары енді. Желтоқсан айының соңғы аптасында үкіметтің қаулысымен синтетикалық есірткігі қарсы кешенді жоспар қабылданды. Бұл - біз бен сіздің бірлесе жасаған жұмысымыздың нәтижесі. Бұл – сіздердің тек аймақтарда, белгілі бір ортада ғана емес, үкімет пен парламент деңгейінде жұмысқа араласып жатқандарыңызды көрсетеді. Бұл кешенді жоспар мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлесіп жасаған жұмысының нәтижесі. Осы кешенді жоспар синтетикалық есірткіге қарсы күреске қосымша серпін береді деп ойлаймын. Қорыта айтсам, «Дала Қырандары» сияқты жастардың қатысуымен синтетикалық есірткіге қарсы 2026-2028 жылға арналған кешенді жоспар бекіді», - деді Қарин.
Жиында сөз сөйлеген депутат Нартай Аралбайұлының айтуынша, «Дала Қырандарының» қанаты жыл санап кеңейіп келеді.
«Бүгін «Дала Қырандарының» ішінде 1700-ге жуық қыран бар екенін біліп жатырмыз. Кезінде жазушы Қабдеш Жұмаділов «Жазушылар Одағындағы» 700 жазушының әрқайсысын бір-бір дивизия деп еді. «Дала Қырандарының» 1700 қыранының әрқайсысы дивизия болмаса да, бұл – үлкен күш. Сіздер қозғаған суррогат алкоголь мәселесі, есірткі мәселесі қоғамның дертіне айналды. Бәлкім кейбір адамдар «бұл мәселе менің отбасымда жоқ болғандықтан, мені айналып өтеді» деп ойлайтын шығар. Бірақ, «жер басып жүргендердің бәрі жерлес» демекші, бүгін бұл проблемалардың себебін анықтамасақ, кейін ауыр салдарларына тап болуымыз мүмкін», - деді Нартай Аралбайұлы.
Депутат сондай-ақ «Дала Қырандарымен» өткен кездесуден кейін депутаттық сауал жолдап, суррогат алкоголь шығаратындардың қазіргі жеңіл санкциясын ауыр санкцияларға ауыстыру туралы бастама көтергенін атап өтті.
Жалпы, «Дала Қырандарының» қазір ел бойынша 1700-ге жуық өкілі бар, олар Қазақстанның 27 қаласында жұмыс істеп жүр.