ШҚО-да екі қарақшы ұрлыққа түсіп, жас жігітті 77 жастағы әжесінің көзінше пышақтап өлтірген
Олардың қылмысы 26 жылдан кейін барып анықталды
Шығыс Қазақстан облысында полицейлер 1999 жылы Зайсан қаласында жасалған адам өлтіру мен қарақшылық қылмысына қатысы бар екі күдіктінің жеке басын анықтап, істі сотқа жолдады. Аталған тұлғалар қазіргі таңда басқа ауыр қылмыстар үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті 26 жыл бұрын жасалған аса ауыр қылмыстың мән-жайын анықтады. Polisia.kz мәліметінше, 1999 жылдың желтоқсанында Зайсан қаласында болған қатыгез адам өлтіру және қарақшылық дерегіне бірнеше қарулы шабуыл жасағаны үшін өмір бойына сотталған екі аса қауіпті қылмыскердің қатысы бар екені белгілі болды.
Оқиғадан кейін полицейлер жедел іздестіру іс-шараларын жүргізгенімен, күдіктілер сол кезде бой тасалап үлгерген. Арада жылдар өткен соң полиция мен тергеу органдарының жүйелі жұмысы, сондай-ақ облыстық прокуратураның қолдауы нәтижесінде қылмыстың толық хронологиясы қалпына келтіріліп, күдіктілер анықталды.
Тергеу деректеріне сәйкес, екі ер адам ірі олжа табу мақсатында жергілікті тұрғынның үйіне заңсыз кірген. Бағалы зат таппаған соң, қаскөйлердің бірі 26 жастағы ер адамды аса қатігездікпен пышақтап өлтірген. Сол сәтте үйде болған 77 жастағы әйел соққыға жығылып, электр сымымен орындыққа байланған.
Қылмыскерлер оқиға орнынан 12 калибрлі қос ұңғылы аңшы мылтығын, «ИЖ-53М» пневматикалық тапаншасын және бейнемагнитофонды ұрлап кеткен.
Қазіргі уақытта аталған екі адам 2002 жылдың желтоқсанында жасалған бірқатар қарақшылық шабуыл мен адам өлтіру фактілері бойынша тағайындалған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатыр.
ШҚО полиция департаменті «Адам өлтіру», «Қарақшылық», «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» және «Қаруды заңсыз иемдену» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Сот шешімімен бұрын шығарылған үкімдер ішінара қосылып, екі сотталушының әрқайсысына мүлкі тәркіленіп, төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза тағайындалды.