«Самұрық-Қазына» Түркістан облысында 3 жаңа оңалту орталығын ашты
Түркістан өңірінде «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қаржыландыруымен аралас үлгідегі екі «Ainala» оңалту орталығы және аутизмі бар балаларға арналған орталық жұмысын бастады. Бұл орталықтар 265 ерекше балаға кешенді көмек көрсететін болады.
Жаңа форматтағы «Ainala» орталығы Сарыағаш қаласы мен Т.Рысқұлов ауылында іске қосылды. Орталықтың басты ерекшелегі Аралас үлгідегі мекеме әртүрлі диагнозы бар, 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қамтуға мүмкіндік береді. Оңалту, абилитация және әлеуметтену бағыттарын қамтып, 3-18 жастағы балалардың қоғам өміріне бейімдеуге ықпал етеді. Әр орталықта жыл сайын 70 балаға кешенді қызмет көрсетіледі. Жыл соңына дейін тағы үш «Ainala» орталығы Ақтөбе облысының Шұбарқұдық ауылында, Шығыс Қазақстан облысының Бозанбай ауылында және Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында ашылады. Жобаның жалпы бюджеті – 1,7 млрд теңге (әр орталыққа шамамен 346 млн теңге).

Ал Түркістанда аутизмі бар орталық ерекше білім беру қажеттіліктері бар 125 балаға арналған. Мұнда балалар кешенді медициналық, психотерапиялық және педагогикалық қолдау арқылы бейімделу, дербестік дағдыларын дамыту және әлеуметтену бағытында көмек алады. Бұл Қор қолдауымен ашылған аутизмі бар балаларға арналған 8-ші орталық. Мекемені заманауи құралдармен жабдықтауға 175,1 млн теңге жұмсалды.

«Samruk-Kazyna Trust» қорының елімізде оңалту қызметін дамыту мен қолжетімді ету бағытында биыл 10 оңалту орталығы іске қосылады. Осылайша оңалту мекемелерінің жалпы саны 55-ке дейін артпақ.