Тоқаев Жапонияда жүрген Ерсін Балтағұлды қазақстандықтар мақтан тұтатынын айтты
Қазақстандық балуан Жапонияда білім алып, он жылдан бері ірі халықаралық жарыстарда көш басынан көрініп жүр
Токиода президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпқой сумошы Ерсін Балтағұлмен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысы Жапонияда білім алып, он жылдан бері ірі халықаралық жарыстарда көш басынан көрініп жүрген Ерсін Балтағұлды қазақстандықтар мақтан тұтатынын атап өтті», - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар бүгін Император Нарухитомен кездесуде балуанның жетістіктері туралы әңгіме қозғалғанын айтты.
Қазақстандық спортшының лақап аты – Кимбозан. Бұл – атақты бапкер әрі төл сумо мектебінің негізін қалаушы, ояката Кисенің туған жері Кумамото префектурасындағы таудың атауы.
Еске сала кетейік, бұған дейін президент Жапониядағы ресми сапары аясында Rakuten Group компаниясының негізін қалаушы, басқарма төрағасы және бас директоры Хироши Микитанимен кездескен болатын.