СҚО тұрғыны «Egov қызметкерлерімен» сөйлесемін деп 5 млн теңгесінен айырылып қалды
Ол алаяқтардың құрбанына айналды
Петропавлов қаласының тұрғыны интернет‑алаяқтардың құрбаны болып, 5 миллион теңгесінен айырылып қалды. Алаяқтар өзін Egov және полиция қызметкерлері ретінде таныстырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
СҚО тұрғынының WhatsApp желісіне «Egov қызметкерлері» қоңырау шалып, оның жеке кабинеті белгісіз тұлғалар тарапынан бұзылғанын айтты. Алаяқтар SMS-хабарламадан келген кодты айтып, деректерді және банк қосымшасына кіруді тексеруін сұрады. Кейін видеоқоңырау арқылы «полиция қызметкері» байланысқа шықты. Ол бірнеше банкте белсенді несие өтінімдері пайда болғанын айтып, оларды тоқтату үшін өзіне сол өтінімдерді жасау керек екенін және алынған қаражатты «қауіпсіз есепшотқа» аудару қажет екенін жеткізді.
Талаптарды орындағаннан кейін Петропавлов тұрғыны 5 млн теңгесінен айырылып қалды. Қазіргі уақытта бұл факті бойынша тергеу жүргізілуде. Алаяқтардан түскен қаражатты алған дропперлердің есепшоттары бұғатталған, полиция олардың иелерін анықтап, зардап шеккен тұлғаға азаматтық тәртіпте өтемақы өндіріледі.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 563 интернет-алаяқтық тіркелді, оның 407-сі кибер алаяқтардың нұсқауымен несие рәсімдеуге қатысты.