Батыс Қазақстан облысында жол апатынан үш адам көз жұмды
Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды
Батыс Қазақстан облысында 16 желтоқсан күні кешкісін болған жол-көлік апатында үш адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
БҚО Полиция департаментінің мәліметінше, апат Орал-Кирсанова тасжолында, Влодарское кентінен екі шақырым жерде болған. KIA K5 автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып, ВАЗ-2104 автокөлігімен соқтығысқан.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан ВАЗ-2104 автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір жолаушы түрлі дене жарақаттарымен Орал қаласындағы көпбейінді ауруханаға жеткізілді», – делінген хабарламада.
Екі көлік те арнайы тұраққа қойылды. Апат бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. KIA K5 жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.