$ 514.31  603.03  6.4
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Джорджа Мелони әлемдік көшбасшылардан алған сыйлықтарын сатып жібермек

Ол 270 затты аукционға шығарды

Джорджа Мелони әлемдік көшбасшылардан алған сыйлықтарын сатып жібермек
Фото: ABACAPRESS/IMAGO Джорджа Мелони

Италияның премьер-министрі Джорджа Мелони шетелдік көшбасшылардан алған қымбат сыйлықтарды қайырымдылық аукционында сатпақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Заңға сәйкес, мемлекет басшысы құны 300 еуродан асатын сыйлықтарды жеке пайдалана алмайды. Қазір бұл сыйлықтар Палаццо Киджидегі арнайы қоймада сақтаулы. Сол себепті оларды сатудан түскен қаражатты әлеуметтік аз қамтылған жандарға көмекке бағыттау туралы шешім қабылданған.

Тізімде барлығы 270 зат бар. Олардың қатарында Өзбекстан премьер-министрінен сыйға тартылған гауһар тасты алтын сақина, Словакия басшысынан алынған зергерлік жиынтық (брошь, сақина және сырға), Үндістан премьер-министрі Нарендра Модиден келген Махатма Гандидің күміс бюсті, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан сыйлаған фарфор бұйымдары және Владимир Зеленскийден берілген белгісіз «тақтайша» бар. Сонымен қатар дизайнерлік жиһаздар, брендтік аксессуарлар мен киімдер, сондай-ақ әлемнің түрлі аймақтарынан алынған дәстүрлі ұлттық костюмдер де ұсынылған. Олардың ішінде үндіс тайпасы көсемінен алынған бас киім де бар.

Сыйлықтардың алдын ала бағасы 800 миллион еуродан асады. Алайда аукцион нәтижесінде бұл сома одан да жоғары болуы мүмкін, өйткені көптеген заттың тарихи әрі мәдени құндылығы бар. Бұған дейін өткен аукциондардың бірінде Италияның бұрынғы премьер-министрі Альдо Мороның 1978 жылы ұрлануына қатысты «Қызыл бригадалар» террористік тобының парақшасы бастапқыда 600 еуроға бағаланып, ақырында 32 760 еуроға сатылған.

Алайда бұл жоба «итальянша» аяқталуы мүмкін деген қауіп бар. Аукционды ұйымдастыруы тиіс Bertolami Fine Art компаниясы сот тергеуінің ортасында қалып отыр. Тергеу барысында аукцион үйінің заңсыз археологиялық олжалар саудасына және қаржы жымқыруға қатысы болуы мүмкін екені анықталған.

Осыған байланысты премьер-министр кеңсесі жоба тергеу толық аяқталғанға дейін уақытша тоқтатылатынын хабарлады.

Жағдайдың мәнін арттыра түсетін жайт Bertolami Fine Art компаниясы 2022 жылы да дауға іліккен. Сол кезде Джорджа Мелони Италия тарихындағы қайғылы оқиғаны коммерцияландыруды қатаң сынға алған болатын.

 

Серіктес жаңалықтары