Қазақстандағы бірегей жоспар: Шымкент денсаулық сақтау саласын қалай дамытып жатыр
Оның аясында сәби мен ана өлім-жітімін қысқармақ
Шымкент қаласының денсаулық сақтау жүйесі соңғы жылдары айтарлықтай дамып, өңірдің медициналық инфрақұрылымы біршама жаңартылды. Қалада мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелер саны көбейіп, заманауи диагностикалық орталықтар мен жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген ауруханалар ашылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шымкентте 30-дан астам аурухана, жүздеген емхана мен жеке медициналық орталық жұмыс істейді. Соңғы жылдары бірнеше көпбейінді клиникалар саланып, тұрғындарға кеңейтілген медициналық қызмет түрлері қолжетімді болды. Қаладағы негізгі бағыттардың бірі – жоғары мамандандырылған көмекті күшейту. Себебі Шымкент Қазақстандағы қалалардың бірегейі болып 2029 жылға дейінгі қаланың денсаулық сақтау жүйесін аймақтық дамыту бағдарламасын әзірледі.
Бұл – бағдарлама Қазақстандағы алғашқы құжат. Ол денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыру мен жетілдіруге арналған кешенді тәсілді қамтиды және болашақта еліміздің басқа өңірлерінде де қолдану жоспарланып отыр.
Бағдарлама аясында денсаулық сақтау саласының қатаң стандарттарына сай келетін заманауи клиникалар салу көзделген: қалалық перинаталдық орталық, екі көпбейінді қалалық аурухана және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде бес емхана.
Шымкент жоғары медициналық колледжі заманауи виртуалды симуляциялық қондырғылармен, тренажерлік кешендермен және интерактивті жүйелермен жабдықталмақ.
Елдің 13 жетекші ғылыми-зерттеу институты және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық жоғары технологияларды енгізуге, күрделі хирургиялық операциялар жасауға және медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Бұл ынтымақтастық Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы мен ғылыми мекемелер арасында меморандумдар түзу арқылы ресми түрде бекітілді.
Бағдарлама аясында халық денсаулығына қатысты кең ауқымды зерттеулер жүргізу жоспарланған:
- балалар семіздігін мониторингілеу (COSI);
- мектеп оқушыларының денсаулығына әсер ететін мінез-құлық факторлары (HBSC);
- ересек халық арасында темекі тұтынуды зерттеу (GATS);
- патронаж қызметінің жұмысын бағалау және басқа да бағыттар.
Сонымен бірге жоспарланған 87 мектептің барлығында стоматологиялық кабинеттер ашылады. Әйелдердің прегравидарлық дайындығын күшейту бойынша жұмыс жанданып, бұл жүкті әйелдердегі асқынулар мен ауыр босану қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Бұл жұмыстың нәтижесі де көп күттірмегендей. Шымкент қалалық перинаталдық орталығында дәрігерлер жүктіліктің 26-шы аптасында небәрі 705 грамм салмақпен туған сәбидің өмірін сақтап қалды. Жүктілік ананың ауыр преэклампсиясына байланысты мерзімінен бұрын аяқталған.
Алғашқы 56 күн бойы нәресте қарқынды терапия бөлімінде мамандардың тұрақты бақылауында болды. Дәрігерлер заманауи технологиялар мен дәрілік препараттарды қолдана отырып, 75 күн бойы оның өмірі үшін күресті. Қазіргі таңда бала 2350 грамм салмақпен үйіне шығарылды.
Шала туған және өте төмен салмақпен туған балаларды емдеуде жоғары технологиялық жабдықтар мен заманауи дәрілер пайдаланылады. Барлық медициналық көмек МӘМС жүйесі аясында көрсетіледі.
Жыл басынан бері орталықта салмағы аса төмен 38 бала дүниеге келген. Олардың өмірін сақтап қалу тек мамандардың кәсібилігі мен заманауи медициналық жабдықтардың арқасында мүмкін болып отыр.
Бұл елімізде медицина саласы жаппай дамып жатқанының көрсеткіші. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жыл сайын 45 мемлекеттен шамамен 10 мың адам Қазақстанға емделу үшін арнайы келетінін айтқан еді.