Түркістан облысында шенеунік көшеде біреумен төбелескені үшін жұмысынан қуылуы мүмкін (ВИДЕО)
Оқыс оқиға 5 желтоқсан күні болды
Түркістан облысында шенеунік төбелесемін деп жұмысынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен болған, оның ішінде қоғамдық резонанс тудырған оқиғаларға тұрақты мониторинг жүргізеді.
Түркістан облысында Агенттіктің департаменті әлеуметтік желілерде қоғамдық резонанс тудырған мемлекеттік қызметшінің қатысуымен болған төбелес фактісі бойынша қызметтік тексеріс жүргізді.
«Тексеру қорытындысы бойынша осы жылдың 5 желтоқсанында Түркістан облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңес тиісті шешім қабылдады. Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен Түркістан облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы С.Жалықұлға қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін «атқарып отырған қызметінен босату» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды», – делінген хабарламада.
Шенеуніктің әрекеттері әдеп нормаларына сәйкес келмей, ведомство имиджіне кері әсер еткені атап өтілді.