Несіпбек Айтұлының 75 жылдық мерейтойына арналған мүшәйраның жеңімпаздары анықталды
Ел өңірінен 100-ден астам ақын өтініш берген
Астанада көрнекті ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлының 75 жылдық мерейтойына арналған «Бостандық жырының бозжорғасы» республикалық жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық поэзияның өрісін кеңейтіп, азаттық рухын асқақ жырымен айшықтаған көрнекті ақынның мерейтойы аясында ұйымдастырылған бұл республикалық мүшәйраға еліміздің әр өңірінен 100-ден астам ақын қатысқан.
Әділқазылар алқасының төрағасы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы қатысушылардың арасында жас шектеуі болмағанын айтты.
«Егер Несіпбек Айтұлы тірі болғанда, биыл 75 жасқа толар еді. Алаштың бағын, бабалардың рухын, Есілге келіп жайғасқан елорданы жырлаған, көзі тірісінде «Бостандық жырының бозжорғасы» атанған ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын әрі аудармашы Несіпбек Айтұлы қазақ руханияты мен әдебиетіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Егер ол мұндай ұлы мұра қалдырмаса, бүгін алты алаш оның артында қалған асыл қазынасын бұлайша ардақтап, оның руханиятқа жасаған еңбегін осынша жоғары бағаламас еді», - дейді Дәулеткерей Кәпұлы.

Оның айтуынша, Несіпбек Айтұлы – Абайдың поэзия жолын жалғаған, дәстүрлі қазақ өлеңінің эпикалық кең тынысын қайта түлеткен тұлға.
«Жырдан бір оқтан қашқан құралай жылар, тәңіріңнен жыламай шапаныңның шалғайымен қорғай жүр, аруағыңнан айналайын ұлы Абай» деп жырлаған алаштың айбоз ақыны соңында он томнан аса мұра қалдырды. Ол – Қадыр, Тұманбай, Сағи, Ғафулардың ізін жалғап, Ілияс Жансүгіровтің эпикалық дәстүрін жаңа биікке көтерген қаламгер. Қырыққа жуық поэма жазды. Сондай-ақ шығыс классикасының інжу-маржаны Әлішер Науаидың «Хан Саларын» қазақша сөйлеткен қазақ әдебиетіне үлкен олжа салған аудармашы. Астана Арқаға көшкелі бері, елорданың бағын жырлап, жаңа рухын халыққа жеткізген жырдың дара иесі де осы Несіпбек еді. Сондықтан бүгінгі өтіп жатқан республикалық жазба ақындар мүшәйрасы оның көзі тірісінде он төрт жыл бойы Астана күніне арнап өзі ұйымдастырып келген дәстүрлі бәйгенің жалғасы. Бұл өлең өлкесінің өрісін кеңейту, ақын еңбегіне құрмет көрсету деген сөз.Биыл Астана қаласының әкімдігі мен мәдениет басқармасы ақынның 75 жылдық мерейтойын дәл осы мүшәйрамен қорытындылап отыр», - деді ол.
Қазылар алқасының құрамында мемлекет сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай, белгілі аудармашы, теоретик, профессор Сұраған Рахметұлы, еңбек сіңірген қайраткер ақын Жанат Әскербекқызы, Махамбет сыйлығының иегері Оңайгүл Тұржан секілді сөз зергерлерінен құралды.
Несіпбек Айтұлымен әдебиетке қатар келген ақын Серік Ақсұңқарұлы да өз пікірін айтты.
«Қазақ әдебиетінің классигі екеуіміз әдебиетке қатар келдік. Ол жат жұрттан келсе, мен осы жердің тумасымын. Біз әдебиетке жетпісінші жылдары қадам бастық. Несіпбектің бізден айырмашылығы ол қазақтың қара өлеңінің уызына жарыған, тілдің қасиетін бойына толық сіңірген елден келгені. Сондықтан оның поэзиясында өзіне ғана тән өрнек, табиғи данқыл бар. Науаидың «Хамсасын» аударып, әлемдік классика деңгейіндегі ірі еңбектер жасады. Әнге жазған мәтіндері дүниежүзілік поэзиядағы классикалық үлгіге жатады. Сондықтан оның тойына қатысу мен үшін үлкен мәртебе», - деді Ақсұңқарұлы.
Ал жүлделі орынға ие болған ақын Ғабиден Қуанышбайұлы байқауға қандай жыр жазғанын айтты.
«Несіпбек ағаның шығармашылығына әуестенуім 2009-2010 жылдардан басталады. Ол кезде Ақселеу Сейдімбек, Несіпбек Айтұлы, Фариза Оңғарсынова сияқты дүлдүлдердің жанында жүріп, бала болып, ортасына кіре алмай, әңгімелерін сырттай тыңдап жүрдік. 2012 жылы университет бітіріп, Несіпбек аға басқаратын Сәкен Сейфуллин музейіне қызметке келдім. Аға өмірден өткенге дейін оның қасында болдым. Содан бері, міне, он жылдан аса уақыт бойы Несіпбек Айтұлының шығармашылығымен бірге тыныстап, оның поэмалары мен еңбектерінің куәсі болып келемін. Мүшәйраның бірінші шарты — Несіпбек Айтұлына арнау жазу екен. Ал арнау жазу әрине, жауапкершілігі жоғары дүние. Жүз үш ақын қатысты дейді, бәрі де арнау жазған. Мен де сол қатарда өз өлеңімді ұсындым. Комиссия жүлдегер деп тауыпты, соған қуаныштымын. Мен Несіпбек Айтұлының болмысын, тағдырын, азаматтығын, қайраткерлігін, мінезін, поэзиядағы жанкештілігін бәрін жақыннан таныдым. Сондықтан арнау жазу мен үшін қиын болған жоқ, жүректен төгіліп түсті. Сол себепті өлеңімнің жүлдеге лайық деп есептелгеніне қуаныштымын», - деді ақын.
Қатысушылардың көптігіне байланысты қазылар алқасы шешімімен бас жүлде екі ақынға, бірінші орын да екі ақынға берілді.
Сонымен қатар екінші және үшінші орындар тағайындалды. Жүлде қоры қомақты.