Қазақстанда күздің соңғы күндері ауа райы қандай болады
Синоптиктердің болжамы белгілі болды
«Қазгидромет» РМК алдағы демалыс күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметінше, Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуімен ауа райының тұрақсыз сипаты күтіледі – жаңбыр және қар түріндегі жауын-шашын түседі.
Республиканың солтүстігінде, шығысында, орталығында жаяу бұрқасын, көктайғақ болады деп болжанып отыр. Тек республиканың батысында, оңтүстік-шығысында антициклон жотасының ықпалында жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.
«Температуралық фон бойынша еліміздің солтүстігінде ауа температурасының сәл жоғарылауы күтіледі – түнде 0-8 градус аяз, күндіз 0-5 градус жылы. Оңтүстік-шығыста күндіз температураның біртіндеп 3-11 градус жылыға дейін төмендеуі, таулы аймақтарда 0-5 градус аяз күтіледі. Елдің қалған аумақтарында температуралық фонда айтарлықтай өзгерістер күтілмейді», – делінген синоптиктердің болжамында.