Алматыда жағдайы күрт нашарлаған ер адамды темір торға қамап қойған: ол миына қан құйылып, көз жұмды
Оған түні бойы ешқандай көмек көрсетілмеген
Алматыда жағдайы нашарлаған ер адамды ауруханаға емес, айықтырғышқа апарып қамап қойған. Ол миына қан құйылып, бірнеше күннен кейін қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желідегі мәліметке сүйенсек, 26 жастағы жаттықтырушы жарыстан кейін тамақтану үшін мекемелердің біріне кірген. Сол жерде оның жағдайы күрт нашарлап, жүрегі айнып құса бастаған. Алайда оны мас күйінде деп ойлап, жедел жәрдем шақырмаған.
Туыстарының айтуынша, осы жағдайдан кейін ол инсульт алған, бірақ мекеме әкімшілігі полиция шақырып, оны айықтырғышқа алып кеткен. Жақындарына да хабар берілмеген. Жағдайы нашарлаған ер адам сол жерде түні бойы ешқандай көмексіз жатқан, салдарынан жағдайы күрт нашарлаған.
Кейін оны ауруханаға жақындары өздері жеткізген. Дәрігерлер миына қан құйылғанын анықтады. Ота жасалғаннан кейін ол комаға түсіп, сегіз күннен кейін көз жұмды.
Марқұмның жақындары оны аман алып қалуға болар еді деп санайды және кінәлілерді жазалауды талап етіп отыр.
Оқиғаға қатысты агенттік тілшісі қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне ресми сауал жолдады.