Моңғолияда Парламент сайлауына 13 қазақ үміткер ретінде қатысып жатыр
Бүгін сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары тоқтады
Моңғолияда 24 маусым күні Парламент сайлауы өтеді. 4 жылда бір өтетін саяси науқанға барлығы 15 партия мен 4 одақ (коалиция) қатысып жатыр. Этникалық қазақтар көп шоғырланған Баян-Өлгей аймағынан 15 адам додаға түссе, оның 13-і – қандастарымыз.
Моңғолияның Орталық сайлау комиссиясы Парламент сайлауына түсетін саяси 19 ұйымды тіркеген соң, 2 маусымда үгіт-насихат жұмыстары басталған еді. Ел үкіметі аталған іс-шараны бастан-аяқ өткізуге 3,4 миллиард төгөрөг (170 миллиард теңге) бөлген.
Azattyq Rýhy тілшісі саяси додаға белсене араласып жүрген Моңғол Халық партиясының Баян-Өлгей аймағы бойынша штаб жетекшісі, Азаматтар өкілеті құрылтайын аймақ бойынша ұзақ жыл басқарып келе жатқан Бауыржан Дәлейұлымен тілдескен еді.
801 АДАМ ҚОЛ ЖИНАП, САЯСИ ПАРТИЯ ҚҰРА АЛАДЫ
- Бауыржан Дәлейұлы, небәрі 3 миллионнан асатын халқы бар Моңғолияда 32 партия бар екен. Саяси ұйымның осыншама көп болуының себебі неде?
- Саяси ұйымдардың көп болу себебі демократиямен байланысты. Адам өз көзқарасын ашық білдіре алады деген ұстаным бар. Содан соң бұл жақта көзқарасы ұқсас, ұстанымы бір жерден шыққан 801 адам қол жинаса партия құра алады. Бірақ, талап бойынша, партияның құрамында аға, орта және жас буын өкілдері болуы керек. Бір адамға табыну, соның айтқанымен ғана жүру деген жоқ. Алайда, партиялар саны көп болғанымен, мемлекетті негізінен «Моңғол Халық партиясы» (Монгол Aрдын нам) мен «Демократиялық партия» (Ардчилсан нам) басқарады.
- Естуімізше, бұл жолы 21 күнге созылған үгіт-насихат жұмыстары коронавирустың таралуына, карантинге қарамастан белсенді түрде жүргізілген көрінеді. Тек аймақ бойынша 13 қазақ Парламент депутаты атанғысы келіпті. Сіз де өзіңізді ұсынған екенсіз, бірақ сізді үміткерлер қатарына қоспай қойыпты. Тізімге іленбеуіңіздің себебі неде? 13 қазақтың қаншасы «Ұлы Хуралға» бара алады?
- Мемлекеттің ең үлкен құрылымы ел президенті емес, Парламент. Парламент 76 мандаттан тұрады. 29 аумақ бойынша сайланады. Баян-Өлгей аймағы ел көлемінде екінші аумақ болып саналады. Аймақтан биыл үміткер көп қатысып жатыр, бұрын мұндай болмаған. Араларында дөрбөт, уранхай, тыва сынды аз ұлт, ру саналатын ағайындар да бар. Солардың атынан екі үміткер, қазақтардың атынан 13 сайланушы додаға түсіп жатыр. Моңғолия парламенті Ұлы Хурал деп аталады. Ұлы Хуралға үш қазақтың депутат атануына мүмкіндік бар. Қазіргі сәтте үкіметте бір қазақ министр, үш орынбасар министр (вице-министр - ред) бар. Моңғолияның ең үлкен саяси ұйымының бірі Моңғол Халық партиясы атынан үш қазақ үміткер атанған. Одан кейінгі үлкен партияның бірі – Демократиялық партия (Ардчилсан нам). Бұның атынан да үш қазақ азаматы сайлауға түскен.
Менің атымның тізімге енбей қалуы – бір партиядан ұсынылған адам санының көп болуына байланысты. Мәселен, Баян-Өлгей аймағының қазіргі әкімі Ғылымхан Әйіпұлы екеуіміз бір партияданбыз. Бұдан бөлек тағы екі адам бар. Олардың іс-тәжірибесі де жоғары. Әкім менен 17 жас үлкен. Әрі осында атқаратын шарулалар көп деп партия мені үміткерлер тізіміне қоспады. Қазір Моңғол Халық партиясының атынан құрылтай төрағасы ретінде штабты басқарып, партияға дауыс беретін жақтастар санының артуына жұмыс істеп жатырмыз.
БІР ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІ БІРНЕШЕ ПАРТИЯНЫ ҚОЛДАП, ӨЗАРА АЙТЫСЫП ЖАТАДЫ...
- Сайланушылар қандай уәде беріп жатыр? Өйткені бір отбасының мүшелері түрлі партияны қолдағандықтан, бір-бірімен сөйлеспей, өзара айтысып жатқан көрінеді. Бұл халықтың сайлауға деген белсенділігінің жоғары болғанын білдіре ме, әлде қандай да бір партияны жақтағаны үшін берілетін сыйақы бар ма?
- 2016 жылы Моңғолияның Парламент сайлауында Баян-Өлгей аймағындағы сайлауға халықтың 84,44% дауыс берген. Бұл Моңғолиядағы 21 аймақпен салыстырғанда ең жоғарғы көрсеткіш болған. Коронавирусқа қатысты халықтың көбі үйде отырғандықтан, бұл жолы да басым бөлігі белсенді дауыс береді деген үміт басым. Бұрын дауыс көп жинау үшін партиялар азық-түлік тарату, концерт қою сынды әрекеттерге баратын. Қазір ондайға тыйым салынды. Бір отбасы мүшелерінің түрлі партияны жақтауы – олардың демократиялық көзқарастары, қоғамдық өзгерістің бастамасы.
- Парламент депутаты атанған азаматтар Алтайды жайлаған аз ғана қазақтың қандай мәселелерін шешу керек? Сайланушылар қандай проблеманы шұғыл шешуге уәде беріп жатыр және ертеңгі додада қай азаматтар жеңіп шығуы мүмкін?
- Сұрақтарың тереңдеп барады, бізде сайлау заңына байланысты шетелдік БАҚ-қа үгіт-насихатшылардың сұхбат беруіне тыйым салынған. Сондықтан өзге саяси партиялар секілді көп сұрақ қойма және оған жауап та бермеймін. Алыстағы ағайынға ақпарат үшін ғана айта кетсем, Моңғолиядағы 16 министрдің бірі қазіргі Құрылыс министрі – Бәделхан Қабдісіләмұлы. Ол бұған дейін де екі мәрте Парламентте депутат болған. Осы жолы тағы да жеңіп шығады деген үмітім бар. Сондай-ақ қазіргі Баян-Өлгей аймағының әкімі Ғылымхан Әйіпұлы, кәсіпкер Әубәкір Тілеуханұлы. Осындай танымал азаматтар додаға түсіп жатыр. Шешілетін мәселелерге тоқталсақ, бұл жақта жастардың көбі жұмыссыз. Кіші өндірістер жоқ. Қыр шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту керек.
Біздің аймақта көмір кені, вольфрам, полиметалл, мыс, алтын, күміс, қара металдың рудалары бар. Бүкіл Моңғолияның байлығына 30 адам иелік етіп отыр. Моңғол Халық партиясының жетекшісі, премьер-министр У. Хүрэелсүх осы байлықты талан-таражға салғандарды соттап, халық әділеттілігіне қол жеткізуге уәде беріп отыр. Бұл партияға келесі жылы 100 жыл толады. Моңғол мемлекетін революциялық негізде орнатқан, дамуымен бірге келе жатқан партия. Соңғы жылдары бұл партия сайлауда жеңіліс тауып, Демократиялық партия (Ардчилсан нам) билікке шыққан. Алайда, олар билікке шыққанда 17%-ға көтерілген Моңғолияның экономикасы 1%-ға құлдырады. Осы құлдырауды соңғы төрт жылда Моңғол Халық партиясы 7%-ға көтерді. Өлгей аймағындағы күміс кен орны әлемде қорының көптігі жағынан үшінші орын алады. Сол кенішті жұмыс істетіп, жастарды жұмыспен қамтуға уәде беріп отыр.
ЕЛДЕ КОРОНАВИРУСТЫҢ ТАРАЛУ ҚАРҚЫНЫ ӨТЕ ТӨМЕН...
- Ұлы Хуралдағы 76 орынға 606 үміткер таласып жатса, олардың 120 жуығы өз өздерін ұсыныпты. Бұдан бөлек, шетелде жатып, электронды үгіт насихат жүргізу арқылы сайлауға түсіп жатқан адамдар тағы бар екен. Бүгін сайлауалды тыныштық. Бұл социалистік қоғамның демокартиялық жүйеге ауысқаннан кейін өтіп тұрған 8-ші парламент сайлауы. Ертең дауыс беруде пандемияға байланысты сақтық шаралары қалай жүргізіледі?
- Ел көлемінде коронавируспен ауырған 204 азамат тіркелсе, олардың көбі ауруды сырттан әкелгендер. 140-қа жауық адам сауығып шықты. Бізде биыл 1 қаңтардан бастап төтенше жағдай жарияланып, мектеп, балабақша, кітапхана, театр сынды көптеген мекеме жұмысын тоқтатты. Шекара әлі жабық. Өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласынан 170 адам әуе рейсімен келген еді, үш жолаушыдан коронавирус табылды. Қатаң шараларға байланысты бізде эпидемияның таралу көрсеткіші өте төмен. Сайлау учаскілерінде де санитарлық талаптар тағы қатаң сақталады. Баян-Өлгей аймағы бойынша 97 аумақта 65 мың сайлаушы бар. Сайлау карантин кезімен сәйкес келіп тұр. Мұндай оқиға Оңтүстік Корея елінде де өткендіктен, сол елдің тәжірибесі қолданылады. Кеше түнде үгіт-насихат жұмыстары тоқтады. Сәрсенбі күні таңғы сағат 7:00-де дауыс беру басталып, кешкі сағат 21:00-де аяқталады. Дауыс беру компьютерлік жүйеде болғандықтан, халықтың қай партияны таңдап жатқаны бірден көрініп тұрады да, дауыс аяқталған соң 15-20 минуттың аралығында қорытындысы шығады.
Бұл жолғы Парламент сайлауында ерекше жағдайлар орын алуда. Солардың бірі – шетелде тұратын адамдардың бірінші рет сайлану құқығын иеленуі. «Халқымызды аялайық» партиясының жетекшісі және сол партиядан Парламент сайлауына атын ұсынған жалғыз үміткер Л. Гүндалай коронавирус салдарынан Тайландияда қалып қойған. Ол сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын электронды түрде бастаған. «Дұрыс адам электораты» коалициясынан шетелде тұрып, жұмыс істейтін үш адамды парламент сайлауына ұсынған. Швецияда тұратын Ц. Нандинбаатарды 21-ші парламенттік сайлау аумағы, яғни Налайх, Багануур және Багахангай ауданынан, Жапонияда тұратын М. Ариунтуяаны Баянхонгор аймағынан, Швецияда тұратын Р. Энхтуяаны Сүхбаатар аймағынан депутаттыққа ұсынған.
- Бауыржан Дәлейұлы, уақыт бөлгеніңізге рақмет! Сайлауда алыстағы ағайынның аты озсын!
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы