ШұғылҚазақстанда маусым айында пневмониядан 628 адам қайтыс болды

Dauletten оқырмандары бес отбасыға үй мен 2 сиыр әперіп, ауылға көшірмек

Бүгінге дейін ауылға көшу акциясына 4000 адамнан өтініш түcкен

фотоколлаж

Қазақстандағы белгілі қаржы кеңесшісі, блогер Дәулет Мұқаев халық арасында «Бала-шағамен ауылға» атты қызықты акция бастады. Мақсаты – қалада әлеуметтік жағдайын дұрыстай алмай жүрген бес отбасыға ауылдан баспана әперіп, әрі қарай жақсы өмір сүріп кетуіне жағдай жасау. Ынталандыру мақсатында акцияға қатысқан әр отбасына 5 бұзаулы сиыр әперіп, ай сайын жәрдемақы төлеп тұру мәселесі де қарастырылған. Дәулет Мұқаев жаңа жоба жөнінде Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат беріп, талаптарын түсіндірді.

- «Бала-шағамен ауылға» жобасы қайдан бастау алды, қашанға дейін жалғасады?

- Осы уақытқа дейін Instagram-дағы оқырманыммен бірге түрлі қайырымдылық акцияларын өткізіп келдік. Жетім балаға да, жалғызбасты әкеге де, көпбалалы анаға да, жетім-жесірге де баспана әпердік. Карантин кезінде 400 отбасыға азық-түлік тараттық. Осы жолы «Қайырымды жұма» деп аталатын акцияны басқаша арнаға бұруға шешім қабылдадық.  Себебі, біздің атымызға көп хаттар келіп түседі. «Қалада бала-шағамен аш отырмын. Жұмысым жоқ. Қиналып кеттім. Коммуналдық қызмет пен пәтер ақысын төлей алмай жатырмын» деп мұңын шағады. Міне, осындай жағдайы төмен адамдарға мүмкіндік бергіміз келеді. «Көмек сұрағанға балық берме, қармақ бер» деген қағидамен акцияға қатысамын деушілерге мүмкіндік беріп, ауылға жібергіміз келеді.

- Акцияға қатысу үшін не істеу керек? Негізгі шарттары қандай?

- Өтініш dauletten.kz сайтында беріліп жатыр. Шарт бойынша, акцияға қатысатын отбасының атында соңғы 1 жыл ішінде үй болмауы тиіс. Сондай-ақ жалақысына, әлеуметтік жағдайына аса мән беріледі. Өйткені, бұл қайырымдылық жоба қалада жағдайын жақсарта алмаған отбасыларға бағытталған. Соны түсінуіміз керек. Өтініш берушілер арасында балдық жүйеде іріктеу өтеді. Мысалы, 1 балаңыз болса - 1 балл, сиыр сауа алсаңыз - 1 балл, бақшаға қарай алсаңыз - 1 балл, отбасылы болсаңыз, үйленгеннен бастап әр жылға - 1 балл, тағысын тағы. Осы  жүйе бойынша 5 отбасы таңдап алынады. Ұпаймен санайтын болсақ, 5 отбасының кемінде 4-еуі көпбалалы болатын шығар. Себебі, 1 баласы бар адамға 1 ұпай қосылады. Сол үшін квотаның біреуін жас жанұяға алып қойдық. Екінші кезеңде іріктеу турынан өткен адамдармен сұхбат болады. Біз тұрақты ішімдік ішетіндерді, тіршілікке қабілетсіздерді жібермейміз. Ауылға да еті тірі, әрі қарай өмір сүріп кете алатындар барғаны дұрыс.

- Ауылда әрі қарай тұрақты өмір сүріп кетуі үшін қандай мүмкіндіктер жасалады?

- Ауылға баратын жанұяға үймен қоса екі бұзаулы сиыр әпереміз. 1 жыл бойы айына 42 500 теңгеден беріп отырамыз. Бір жыл ішінде кішкентайлы болса, 200 мың теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы береміз. «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген нақылды іс жүзінде көрсетіп, көшіп барған ауылда 10 тал ексе, 1 реттік көмек ретінде 50 мың теңге береміз. Көшеттің отырғызылуын, өсуін біздің қорымыздың волонтерлары бақылайды. Ауыл жұрты бар, интернет бар, назарда ұстау еш қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Ауылда кәсіп ашқысы келетіндерге қолдау ретінде менің аккаунтымда (700 мың оқырманы бар) тегін жарнама жасауға да мүмкіндік беріледі.

- Егер акцияға қатысқан семья әртүрлі себептермен акциядан шығып, көшіп кетсе ше?

- Ол тұратын үй үш жыл бойы үй қор атында болады. Егер де отбасы үш айдан кейін, 1 немесе 2 жылдан соң көшіп кетсе, орнына басқа жанұя келе алады. Ал, үш жыл тұрса, үйді толық жаңағы отбасының атына аударып береміз. Әрі қарай қалай, қайда өмір сүретінін өздері шешеді.

- Қай ауылға жібермексіздер?

- Акцияға қатысатын 5 отбасының барлығы да бір ауылға барады. Сол кезде бір-біріне демеу болып, кейін естелік ретінде айтып отырғаны да қызық. Ауылды өзіміз таңдаймыз. Бірақ облысты оқырмандар менің әлеуметтік желі аккаунтымда дауыс беру арқылы таңдайды. Дауыс беру басталып кетті. 14 облыстан келесі кезеңге 8 облыс, одан 4, соңында 2 облыс финалға шығып, халық біреуіне тоқтайды. Сол өңірдің ішінен бір жақсы ауылды менің командам анықтайды.

- Қаладағы өмірді тастап, ауылға кетуге ниет білдірушілер көп пе?

- Дәл қазірге сәтке дейін 4000 адам өтініш берді. Кез келген өңірге баруға дайын. Арасында қызық көру үшін анкета толтырғандар бар дегеннің өзінде, менің ойымша олардың кемінде 70%-ы расымен көшкісі келеді. Ішінде мұғалімдер мен дәрігерлер де бар. Тракторист кісі де болды. Кәмелетке толмаған 8 баласы бар әйелді де көрдік. Ондай санаттағы адамдардың Үкіметтен алатын көмегі мен біз беретін 42 500 теңге және сиырларды қосқанда ауылда қатардағы тұрғын секілді өмір сүруіне мүмкіндік бар деген ойдамын. Кәсіп бастап жатса, халін жақсартып жатса, тіптен жақсы. Біздің негізгі мақсатымыз да сол.

- Қаржы көзі тек сіздің оқырмандарыңыз ба?

- Иә. 7 маусым күні өтініш қабылдау аяқталады. Содан кейін оқырмандарым қайырымдылықпен баспанаға ақша жинайды. Жанұяларға сапалы өмір сүруге мүмкіндік беретін баспана сыйлай аламыз деп ойлаймын. Үкімет онсыз да арнайы бағдарлама бойынша оңтүстік тұрғындарын солтүстікке жіберіп жатыр ғой. Бірақ, олардың көбі қайтадан өз өңірлеріне көшіп кетеді. Біз ақыры қайырымдылықпен айналыстық па, көшкен адам соңына дейін риза болуы керек. Ешкімді шалғайға, Өзбекстан, Ресей немесе Түркіменстанға көшіріп жіберейін деп отырған жоқпыз. Халық тұратын жер жайлы болуы тиіс. Мектеп, су, аурухана секілді инфрақұрылымы түгел болғаны керек.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Абай СЕЙФУЛЛА

Сұхбат
Юрий Ким адамдарды жаппай егу нәтижесінде індет 2023 жылы тоқтауы мүмкін дегенді айтты
Бүгінге дейін облыста COVID-19  вирусын жұқтырған 613 адам тіркелді
Бүгін сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары тоқтады