Саяси қуғын-сүргін құрбандары жерленген орынға «зират» статусы берілмей отыр
1930-1959 жылдар аралығында «КарЛАГ» лагерінде 1,5 миллионға жуық адамның қамауда болғандығы туралы тарихи деректер бар
«КарЛАГ» - КСРО-ның ең ірі еңбекпен түзету лагерьлерінің бірі. 1930-1959 жылдар аралығында аталған мекемеде 1,5 миллионға жуық адам қамауда болғандығы туралы тарихи деректер бар. Еліміз тәуелсіздік алғанына 30 жылға жуықтап қалса да, архив материалдары әлі күнге жабулы күйінде қалып отыр. Әрбір екінші қазақ отбасына қиянат әкелген қуғын-сүргін Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, «Память» қоғамдық қорының төрағасы Болат Сағындықовтың анасын жесір, өзін жетім етті. Ер жеткен соң, әкесі жайында қандай да бір мәлімет таппақ болып, ұзақ жылдар бойы жалғасқан іздестіру жұмыстары Болат Мағазұлын дәл осы «Карлаг» маңындағы Долинка зиратына алып келеді. Ақсақал қазақтың қаншама боздағы жерленген жерге зират статусы берілмей отырғандығына назалы. Azattyq Rýhy тілшісі саяси қуғын-сүргін құрбанының баласымен сұхбаттасқан еді.
- Әкеңізге қандай айып тағылды? Ол кісіден айрылғанда неше жаста едіңіз?
- Әкем – Солтүстік Қазақстан облысында колхозда еңбек етіп, басқарма қызметін атқарған адам. Ол кезде Сталиннің бұйрығымен әр облысқа жау іздеу туралы жоспар беріледі. Бұйрыққа сәйкес «халық жауларын» табу керек. Жоспар орындалмаса облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы жазаланады. Сондықтан олар көрінген адамды ұстап әкетеді. Менің әкем сол жоспардың құрбанына айналды. Күндердің бір күнінде оған «сені бүгін әкетеді» деген хабар келеді. Әкем бас сауғалап, Ресейге қашпақ болады. Оны білген ауыл милициясы Жумин Нәси хабар берсе керек, НКВД жендеттері жетіп келіп, оны ұстап алады. Мен ол кезде 1 жасар баламын. Үйді айналып кетсем керек. Әкемнің «тым болмаса баламды бір иіскейін» деген өтінішіне де құлақ аспай алып кетеді. Сол кеткеннен кетті...
- Саяси қуғын-сүргін жылдары ешкімге оңай тимегені анық. Одан кейінгі өміріңізге тоқталсаңыз?
- Әкем 10 жылға сотталды. Келер деген үмітпен күтіп жүрдік. Анам қолында 7 жетім бала мен 2 кәрі кемпірді бағып жалғыз қалды. Ең кішісі мен. Мал-мүліктің барлығы тәркіленді. Күндіз-түні дамыл көрмей еңбек етті. Жаз болса шешемді «халық жауының әйелі» деп көршілес Қызыләскер ауылына қой бағуға жібереді. Күзде маяланған егінді соғуға жібереді. 200 шақырым жерге кетеді. Қозы бағады. Өзім 9 жасымнан колхозда жұмыс істедім. Октябрь ауылында 7 жылдық интернат болды. 1945 жылы сонда 5-сыныпқа оқуға түстім. Бірде демалысқа үйге келсем, анам мал суарып жүріп қолын есікке қысып сындырып алыпты. Содан төсек тартып жатып қалған. Үйде кәрі әжем мен шешем ғана бар. Ағаларымның барлығы соғысқа кеткен. Малды қарайтын ешкім болмады. Мектепті тастауға тура келді. Күнкөріс қиын болды. Ішерге ас, киерге киім жоқ. Қарамық нанын, ошағанның тамырын жедік. Картоптың қабығын да пештің үстіне қуырып тамақ қылдық.
1955 жылы Омбы ауыл шаруашылығы институтына түстім. Қыркүйекте Воршиловқа хат жазып, әкем Мағаз Сағындықов жайында мәлімет сұрадым. Омбы мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне шақырып алып, әкемнің 1943 жылы 10 қыркүйекте жазасын өтеп жүріп, туберкулезден қайтыс болғанын ауызша айтты.
- Омбы қаласында әкеңіздің қайтыс болғандығы туралы мәліметті алғаннан кейін қайда жерленгенін сұрастырдыңыз ба?
- Әкемді барлық архивтерден іздедім. «Карлагта» қайтыс болса, демек сонда жерленген. Мәскеуге хат жаздым. Олардан мардымды мәлімет ала алмадым. Қазақстан Президентіне хат жолдадым. Еш жерде құжаты жоқ. Елбасы кеңсесі мені бас прокуратураға жіберді. Прокуратура Қарағанды архивіне жол сілтеді. Қарағандының талай ғимаратын араладым. Солардың бірінде отырған маман «Карлагта» Долинка атты елді мекеннің маңында бірнеше зират барын айтып, сонда баруға кеңес берді. Онда барған соң таныстарым арқылы түбі Петропавлдан шыққан жігітпен кездестім. Зиратқа бардық. Зират деуге де келмес, жай ғана қорым. Төмпешіктер жатыр. Жанында «Мамочкина» деген әйелдер мен балалар жерленген зират бар. Аралап жүріп «1891 жылы туып, 1943 жылы қайтыс болған» деген жазуы бар бір төмпешік кездестірдім. Осы жерде жатқан болар деген оймен ауылдан апарған бір уыс топырақты салдым. Долинкадан топырақ алып, ауыл зиратында әкеме орнатылған ескерткіш басына әкелдім. Ол жерге «зират» статусын беру қажет, себебі зират екенін айыру қиын. Іргеде тұрған Долинка немістер тұрған ауыл. Ертеде елді мекен тұрғындары обадан жаппай қайтыс болған. Олар сол зиратта жерленген. Ондай жерді бір ғасыр бойы қозғауға болмайды. Оны қазса, аурудың вирусы қайта шығады. Сондықтан, қаншама адам жатқан зират қараусыз, қоршаусыз қалып отыр.
«Карлаг» ұзындығы 350, ені 65 шақырым жерде орналасқан. Онда ғалым, жазушы, ақын, түрлі салалардың үздік мамандары отырған. Көбі сонда жан тапсырды. Қазір сол жердегі зиратқа статус беру мәселесін көтеріп жүрмін.
- Әкеңіз туралы мәлімет табу қаншалықты қиын болғанын айттыңыз. Ақиық ақын Мағжан Жұмабаев та 1938 жылы ату жазасына кесілмеген, орманда Бауыржан Момышұлымен кездескен деген мәлімет бар. Сіздің ойыңызша, бұл шындыққа жанаса ма?
- Шындыққа жанасады. Мағжан Жұмабаевпен түрмеде бірге отырғанын, оның 1938 жылы атылмағанын айтып жүрген атыраулық Абдолла Әбдірахманов ақсақал Қызылжарға келді. Жүздестік. Ақынның туған жері Сарытомарға барды, жергілікті басшылықпен кездесті, жиын өткізді. Ол осында Мағжанның аманатын арқалап келгенін айтты. Бауыржан Момышұлының естеліктерінде де ақынмен кездескендігі жөнінде жазбалар бар. Абдолланың айтқан әңгімесі екеуі жанасады. Ақсақалға сенбесек сенбейік, ал Бауыржанның сөздеріне қалай күмәнданамыз? Ақсақал соңғы кездері Мағжанның денесі ісініп, қатты ауырғанын да айтты. Ақынның аманат етіп берген кітабын пойызда ұрлатып алған. Келгендегі мақсаты - Мағжанның жолдаған сәлемін айту еді.
Шаруашылықты өркендету үшін оған жұмыс істейтін адам керек. Сол себепті «халық жауы» деп жала жауып, ұстап әкеткен адамдарды «ату жазасына кесілді» деп бұйрық шығарып, жан-жаққа қара жұмысқа жіберген. Қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарын осылайша құртты. Кеңес өкіметінің құрамындағы елдер арасында ең көп зардап шеккен Қазақстан мен Украина.
- Қазақстанда 1993 жылы арнайы заң қабылданып, «саяси қуғын-сүргін құрбандары», «саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпағы» статусы бекітілді. Осы орайда депуттартарға ұсыныс жасап, біраз іс тындырдыңыз. Өзіңіз төрғалық ететін «Память» қоғамдық қорының жұмысына тоқтала кетсеңіз.
- Иа, оның кемшін тұстары да болды. Заң бойынша екі статус берілді. Бірі «Қуғын-сүргін құрбандары» болса, екіншісі «зардап шегушілер». Менің әкем қайтыс болды. Анам жалғыз өсірді. Алайда заңнама бойынша шешем тірі болғандықтан, маған «зардап шегуші» статусы берілмеді. Шын мәнінде «халық жауының» баласы деген қара таңба тағылып талай қиналдық. Әкемізден айрылып, аш-жалаңаштықты көрдік. Заңда кеткен олқылықтарды түзету үшін 12 жыл жүрдім. Сол уақыт аралығында Парламенттің он төрт депутатымен кездестім, 2 рет үкіметке хат жолдадым, Президентке тікелей эфирде датымды жеткіздім. Өткен жылы шілдеде заңға өзгертулер енгізіліп, қабылданды. Есесіне Қазақстанда тұрып жатқан қаншама адам өздеріне тиесілі әлеуметтік көмекке ие болды. Мен оны өзім үшін емес, халық үшін жасадым.
Петропавл қаласындағы Н.Погодин атындағы драма театр тұрған жердің жанында НКВД ғимараты болған. Тұтқындардан сол жерде жауап алынып, ату жазасына кесілген. Күні бойы өлтірілген адамдар кешке Есіл жағасына апарып тасталған. Бертін келе адамдардың сүйегін іздеп, ол жерді қаздық. Ештеңе таппадық. Уақыт өте жардың шеті үгіліп құлап, адамдардың сүйектері сумен ағып кеткен. Сол НКВД ғимаратының орнына 7 мыңнан астам адамның есімі жазылған мемориалдық тақта орнаттық. Мұндай кешен Қазақстанның ешбір қаласында жоқ. Қуғын-сүргін құрбандарына, ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің барлығы бір жерде тұр. Ол жерге музей салса деген идея бар, бірақ ақша жоқ. Бұл да талай жыл бойы қалалық, облыстық әкімдіктердің табалдырығын тоздырып жүріп атқарылған шаруа болды.
- Уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рақмет.
Сұхбаттасқан Эльмира Мәмбетқызы, СҚО