$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.10.2019, 15:52
Сұхбат

«Мен Николас Кейдж секілді сымбатты емеспін». Әлемнің бірінші ракеткасы қазақтың шапаны туралы әзілдеді

Бүгін әлемнің бірінші және екінші ракеткалары Новак Джокович пен Рафаэль Надаль Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс Арена» спорт кешінінде үлкен теннистен қайырымдылық матчын өткізеді

«Мен Николас Кейдж секілді сымбатты емеспін». Әлемнің бірінші ракеткасы қазақтың шапаны туралы әзілдеді
Фотоколлаж

Даңқты екі спортшы бүгін елордаға келіп, баспасөз конференциясын өткізді. Қос спортшының ҚР Президенті Қ.Тоқаевпен және ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевпен де кездесуі жоспарланған екен. Бұл туралы vesti.kz хабарлады.

Надаль мен Джокович бұған дейін кортта 50 мәрте кездескен, бірақ ТМД көлемінде бірінші рет ойнағалы отыр. Бұл кездесуді ұйымдастырушы - Қазақстан теннис федерациясы.

«Біз бұл кездесуді осыдан екі жыл бұрын өткіземіз деп жоспарлағанбыз. Дегенмен спортшылардың тығыз графигі мен алған жарақаттарына байланысты бұл жоспарымыз кейінге шегерілді», - деді Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов.

Фото: vesti.kz

Жақында ғана үйленген Рафаэль Надаль бұл шараға қуана келіскенін айтты.

«Бұл ұсынысты қуана қабылдадым. Теннис спорты Қазақстанда қарқынды дамып жатқанына тәнтімін. Қазақстанды көргеніме, осында келгеніме қуаныштымын», - деді әлемнің екінші ракеткасы.

Сондай-ақ мәртебелі турнирлерді 19 рет жеңген Рафа Надаль үйлену тойының қалай өткендігін айтты.

«Тойға көптен дайындалдық. Өте жақсы өтті. Енді теннис ойнайтын сәт келді. Новакпен дәл осындай қайырымдылық матчын өткізетініме қуаныштымын. Болат Өтемұратовқа тенниске қолдау көрсетіп жатқанына алғысымды айтам. Қайырымдылық матчына келіскені үшін Новакқа да алғыс білдіремін. Бұл елге тағы да келгеніме қуаныштымын. Теннис жанкүйерлеріне, әсіресе балаларға қызықты матч сыйлаймыз деп үміттенемін», - деді Рафа Надаль.

Фото: vesti.kz

Ал, әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джокович алғашқы сөзін «сәлеммен» бастады.

«Здравствуйте, салем. Мен орысша аздап білемін. Қазақстанға, мынау әсем қалаларыңызға бірінші рет келіп отырмын. Осындай матчты менімен өткізуге келгені үшін Рафаэль Надальға алғыс айтамын», - деді Джокович.

Әлемнің бірінші ракеткасы Қазақстанға келген голливуд актері Николас Кейджге шапан жапқан оқиғаны да жақсы біледі екен.

«Мен Николас Кейдж секілді сымбатты емеспін, бірақ ұлттық киімді киюге дайынмын», - деді әзілдеп.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда өтетін Джокович-Надаль арасындағы матчқа 3,5 млн теңгеге билет алған кімдер?

Естереңізге сала кетейік, бұл матч демеушілік жоба. Шараның мақсаты – Қазақстанда теннис спортының насихатын арттыру және әлемдік спорт жұлдыздарымен танысу. Ал екі теннис жұлдызының кездесуіне түсетін қаражат өңірлерде балабақшалар мен мектептерді теннис секцияларымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ қолданыстағы теннис орталықтарын балаларға арнап инклюзивті ойын алаңына айналдырып, айналасын жеміс ағаштарымен абаттандыру сияқты қайырымдылық шараларына жұмсалады.

Серіктес жаңалықтары